Бас жаңалықтар
Қызылорданың көркемсурет галереясына Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді
26 Маусым 2019, 14:00 239

Қызылорданың көркемсурет галереясына Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 13-25 маусым аралығында Қызылордада Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан шеберлерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Аға ұрпақ өнері – жастарға аманат» атты қылқалам шеберлерінің халықаралық симпозиумы өтті. Бұл туралы kyzylorda-news.kz сайты хабарласты.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев симпозиум қатысушыларын құттықтап, оларға алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, аймақ басшысы көркемсурет галереясына Салихитдин Айтбаевтың аты берілетінін мәлімдеді.

«Қызылорда қаласы – қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың, түбі бір түркі мәдениетінің алтын көмбесі, Қазақ Республикасының тұңғыш астанасы. Бұл жерде сан түрлі өнер туындылары көптеп кездеседі. Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының қоры өнер туындыларына тола берсін!», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі Салихитдин Айтбаевтың жұбайы Ләззат Қожабекованы құттықтады. Өз кезегінде, халықаралық симпозиумның өнертанушы, Қазақстан Республикасы суретшілер кеңесінің хатшысы Жамбыл Нәтбаев облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, оған симпозиумға қатысушылардың суретін табыс етті.

Одан кейін келушілер Салихитдин Айтбаевтың шығармашылығына арналған көрмемен танысты.

С.Айтбаев (1938-1994) – кескіндемеші, суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі. Оның «Шопандар демалысы», «Бақыт» картиналары қазақ бейнелеу өнеріне ерекше көрініс береді. «Ә.Әлімжанов», «Ана», «Әке», «Шопан», «Абай» портреттерін, ортағасырлық Хиваның сәулет ескерткіштеріне арналған жұмыстар сериясын жазды. С.Айтбаевтың шығармалары Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында және қазіргі заманауи өнер мұражайында сақталуда.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық