Қытайдың Ухань қаласына бармауға кеңес берілді

22 Қаңтар 2020, 19:06
1796
Бөлісу:
Қытайдың Ухань қаласына бармауға кеңес берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытайда тіркелген коронавирустың жаңа түрі мутацияға ұшырап, індеттің одан әрі таралу қаупі бар. Бұл туралы Қытайдың денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Ли Бинь мәлімдеді, деп жазады "Хабар 24".


Осыған байланысты ол ел тұрғындары мен шетелдіктерді Қытайдың Жаңа жыл мерекесі кезінде Ухань қаласына барудан бас тартуға шақырды. Себебі дәл осы шаһар пневмонияның таралу ошағы екенін ескерсек, миллиондаған адамның саяхаттауы жағдайды өршіте түсуі мүмкін.

Еске сала кетейік, жуырда коронавирустың жаңа түрі Ухань қаласындағы базарда сатылған жабайы жануарлардан жұққаны анықталды. Қазір қалада зарарсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Соңғы уақытта аталған індетті жұқтырғандар саны артып келеді. Ауру белгілері жайлы көбірек біле бастаған соң диагностика әдістері де жетілдірілуде. Тиісінше диагностикалық реагенттер де дер кезінде бүкіл ел аумағына таратылып жатыр, - Қытайдың денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, Ли Бинь. 
Айта кетейік, бүгінде бұл індеттен тоғыз адам көз жұмды. Ал оны жұқтырғандардың саны 440 адамға жеткен. Қытайдан бөлек аталған дертке шалдығу фактілері АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Таиланд пен Сингапур елдерінде де тіркелді. Соңғы мәлімет бойынша Гонконгта да қауіпті вирусты жұқтыру дерегі анықталды. Осыған байланысты ұлт саулығына алаңдаған әлем елдері әуежайда жолаушылар тексерісін күшейтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы