Қытай ғалымдары коронавирусты емдеудің тағы бір тәсілін тапты

1 Сәуір 2020, 20:06
6353
Бөлісу:
Қытай ғалымдары коронавирусты емдеудің тағы бір тәсілін тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Гонконг Университетінің ғалымдары коронавирустан емделудің тағы бір амалын тапты. Қытай ғалымдарының айтуынша, инфекциямен күресу үшін коронавирусты жұқтырған адамның қан сарысуын алып ауырып жатқан адамға егу қажет.

Өйткені бұрын ауырған адамның қанында коронавируспен күреске түскен антитела болады. Мұны Lenta.ru хабарлады. 

Қытайдың микробиологтары адам ағзасында ACE2 ақуызына ұқсас ақуыз құрылымы бар сириялық алақоржындарға (хомяк) тәжірибе жасаған. Ақуыз коронавирусты адам ағзасына апаратын рецептор болғандықтан, адаммен ұқсас ақуызға ие жануарға тәжірибе жүргізілген.

Коронавируспен ауырған алақоржындардың жағдайы басында ауыр болған. Өкпесі мен кеңірдегі қабынып, асқазаны ауырып, иммунитеті әлсірей бастаған.

Кейін иммунитеті мықты бірді-екілі кеміргіш аурудан жазылып, сауыға бастаған көрінеді. Сауыққан алақоржынның қанында вирусқа қарсы тұрар антитела түзілген. Кейін ғалымдар коронавируспен ауырған алақоржынның қан сарысуын алып, сау алақоржындарға егіп ауру жұқтырған. Ал олар болса, бұрын ауырған алақоржындар сияқты көп қиналмаған, тез жазылып кеткен. Осыдан ғалымдар адам ағзасының өзі коронавирусқа қарсы иммунитет түзетінін әрі одан пайда болған антителаның емге қолдануға болатынын байқаған.

Эксперимент барысында жануарлардың коронавирусты бір-біріне жұқтыратыны да белгілі болды. Бір торда жүрген алақоржындардың барлығы ауруға шалдыққан екен.

Қазір тәжірибе жасаған ғалымдар тобы Этика жөніндегі медициналық комитеттің жауабын күтіп отыр. Егер комитет рұқсат берсе, онда адамдарға тәжірибе жасалмақ.

Бұған дейін қытай ғалымдары коронавирусты "Мефлохин" дәрі-дәрмегі арқылы емдеуге болатынын дәлелдеген еді. Қытай мен Франция коронавирусқа шалдыққандарды осы препаратпен емдеп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы