Қысқа мерзімде бітіріңіздер. Мамин жаңа тапсырма берді

22 Қыркүйек 2020, 09:47
2948
Бөлісу:
Қысқа мерзімде бітіріңіздер. Мамин жаңа тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин тиісті ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктегілерге егін жинауды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. 

Қазіргі уақытта егін жинау жұмысының 93 пайызы орындалды. Астық көлемі 18 млн тонна көлемінде болады деп жоспарланып отыр. Орташа түсім бір гектардан 12,2 центнерді құрады.Биылғы астықтың экспорттық әлеуеті шамамен 7,5-8 млн тонна болады. Бұл өткен жылғыдан кемінде 12,5 пайызға көп. Жаһандық үрдіске қарағанда әлемдік нарықта азық-түлікке сұраныс пен оның бағасы ұлғая береді.Сондықтан біздің басым міндетіміз астық өсіру мен одан жасалатын өнімдер экспортының көлемін айтарлықтай ұлғайту, - деді Асқар Мамин. 

Оның айтуынша, елімізде жоғары сапалы нан өнімдерінің өндірісімен қатар, астықты терең өңдеу үлгілері де бар.

Атап айтқанда глютен, крахмал және биоэтанол өндірісі. Жалпы, елімізде астық және одан жасалатын өнімдердің экспорттық әлеуеті өте жоғары. Осы әлеуетті барынша іске асыруымыз қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы министрлігіне астық және астық бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеу саласын және экспорттық әлеуетті дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырамын, - деді үкімет басшысы.

Ол осы ретте әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы министрлігіне егін жинауды қысқа мерзімде аяқтап, егіннің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі астықтың сатып алу бағасын белгілеуді қамтамасыз етсін және нарыққа қатысушыларды хабардар етсін.Әкімдерге форвардтық сатып алу механизмі арқылы қаражаттың қайтып келуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Индустрия министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, астықты үздіксіз тасымалдау үшін жылжымалы құраммен қамтамасыз ету шараларын қабылдасын. Ал үйлестіру және бақылау вице-премьер Роман Склярға жүктеледі, - деді Асқар Мамин.
Өзгелердің жаңалығы