Нұр-Сұлтанда йога фестиваліне 500 адам қатысты

24 Маусым 2019, 15:24
2020
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда йога фестиваліне 500 адам қатысты
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Йога мәдениетіне қызығатын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл туралы Үндістан елшісі Прабат Кумар мырза V халықаралық йога фестивалінің жабылу салтанатында айтты.

Фестивальдің жабылу салтанатына 500 адам, оның ішінде дипломатиялық корпус өкілдері, шенеуніктер мен бАҚ өкілдері қатысты.

Үндістанның Қазақстан Республикасындағы елшілігі мен Свами Вивекананда мәдени орталығы елордадағы Ұлттық музей алаңында V халықаралық йога фестивалін қорытындылады. Еліміз бойынша Халықаралық йога күні 15-22 маусым аралығында атап өтілді. Йогаға келушілерге SVCC музыкасының ұстазы Модаммед Акрам және SVCC студенті Ашутош арнайы музыкамен медитация жасатты.

Сонымен қатар, жаттығу басында Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің V Идаға байланысты бейнеқұттықтауы көрсетілді.

Ал елші Прабхат Кумар Қазақстанның бірнеше қаласында атап өтілген V Ида туралы айтып, алғаш рет йоганы халықаралық дәрежеде атап өту туралы ұсыныстың мәтінін оқып берді.

«Сіздер білетіндей, 2015 жылдан бастап жыл сайын әлемнің көптеген елінде йога энтузиасттары 21 маусымды Халықаралық йога күні ретінде тойлап өтеді. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди 2014 жылдың 27 қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясына резолюция ұсынған сөзінде былайша деп еді: «Йога – Үндістанның ежелгі дәстүрінен бастау алатын құнды сый. Ол тән мен сананың бірігуін, ой мен әрекетті, ұстамдылық пен қанағатты, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді, денсаулық пен салауатты өмірді қамтиды. Ол дене шынықтыру ғана емес, адамның ішкі дүниесінің табиғат пен ғаламмен бір екенін сезінуі». Осының арқасында Біріккен Ұлтттар Ұйымына мүше 177 мемлекет резолюцияны қолдап, 21 маусым күнін Халықаралық йога күні деп белгіледі. Бұл мереке сол кезден бастап тойланып келеді», - деді елші.

Нұр-Сұлтанда йога фестиваліне 500 адам қатысты

Айтуынша, биыл Үндістан премьер-министрі Ранчи қаласындағы йога сессиясын жүргізген.

«Кеше V Халықаралық йога күніне орай премьер-министр Моди Үндістандағы Ранчи қаласына 40 000 адам қатысқан йога сессиясын жүргізді. Осы шарада ол «йога жасқа, түске, каста, конфессия, дін, ұстаным, байлық немесе кедейлік, аймақ немесе шекара сияқты қолдан жасалған ұғымдарға бағынбайтынын» жеткізді», - деді Прабхат Кумар.

Дипломаттың сөзіне қарағанда, қазақстандықтардың арасында йогаға деген қызығушылық артқан. Сол себепті биыл йога фестивалінің масштабы артқан. Сонымен қатар, қазір елшілік жанындағы мәдени орталықта йога курстарына жазылу жүріп жатқанын айтты. Курс – тегін.

«Йоганың Қазақстанда өте жақсы таралуын ескере отырып, Үндістан елшілігі биыл йога күні тойланатын қалалар санын 2018 жылдағы 6 қаладан биыл 10 қалаға дейін үлкейтіп отыр. Тойлау шаралары 15 маусым күні астанамызда бастау алды және осы күнге дейін Үндістан елшілігі Халықаралық йога күнін Арқалықта, Қостанайда, Таразда және Теміртау қаласында өткізді. Осындай шараларды Алматыда, Атырауда, Қарағандыда, Оралда және Зерендіде өткізетін боламыз. 24 мен 28 маусым аралығында Зерендідегі Ақ Данат демалыс орнында үнділік классикалық би орталығының ұйымдастыруымен йога семинары өткізілетін болады. Біздің мәдени орталық жыл бойы йога кластарын өткізетінін және кез-келген адам оған жазыла алатынын хабарлағым келеді», - деді елші.

Йогаға арнайы шақырылған қонақтардың ішінде тележүргізуші Қымбат Досжан бар. Ол үнді мәдениетін тек фильмдер арқылы көріп өскенін айтты. Сонымен қатар, ол қазақ және үнді халқының арасында үндестік бар екенін жеткізді.

«Біз бала кезімізден үнді елін тек кинофильмдерден көріп, солардың әдемілігіне, сымбаттылығына және музыкасының әуендігіне ғашық болып өскен адамдармыз. Бірақ соның барлығын өсе келе біз қандай мемлекет екенін және Йога күнін Біріккен Ұлттар Ұйымы шешімімен мерекеленіп келе жатқанына қарағанда, бұл ел – Үндістан мемлекетін денсаулықты, салауатты өмір салтын ұстанатын халық ретінде танып келеміз. Меніңше, біздің қазақтар мен үнді халқының үндестігі бар секілді. Ең бірінші – отбасылық құндылықтар. Отбасылық құндылық дегеніміз, атасы мен әжесі, әкесі мен шешесі балаларымен бірге осылай йогамен айналысса, бір-біріне деген тығыз қарым-қатынас және бір-біріне деген сүйіспеншілік арта түседі деп ойлаймын. Сондықтан біз күнде болмаса да, аптасына 2-3 рет йогаға қатысуға шақырамын», - деді тележүргізуші Қымбат Досжан.




Өзгелердің жаңалығы