Бас жаңалықтар
Зорлық көрген әйелдерге сенім ұялату басты мақсатымыз – Малика Жүсіпова
PHOTO
06 Қазан 2020, 19:29 1089

Зорлық көрген әйелдерге сенім ұялату басты мақсатымыз – Малика Жүсіпова

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2017 жылы аймақта пилоттық жоба ретінде «Көмек» оңалту орталығы өз жұмысын бастайды. Мұнда көбіне қиын халде жүрген әйелдер келіп паналайды. Оларға заң және психологиялық тұрғыдан көмек көрсетіледі. Бұдан басқа, осы тектес Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында да дағдарыс орталықтары жұмыс істеп тұр.  

Орталық жетекшісінің айтуынша, былтыр осында айына 60-қа дейін адамдар тұрақтаған. Дәл қазіргі таңда орталықта 6 әйел, 12 бала паналап жатыр екен. Жыл басынан бері 1420 әйел орталықтың көмегіне жүгінген. Айта кетейік, бұл көрсеткішке орталықта жатпаса да заңдық, психологиялық көмек алғандар саны да кіргізілген. Орталық жетекшісінің айтуынша, биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі яғни республикалық бюджеттен бір адамға 1700 теңгеден көмек бекіткен.


Осы жылдан бастап орталықта республикалық бюджет есебінен 18 әйел болуы керек-тін. Алайда оған қарамастан біз кейде екі есе көп алып жатамыз. Себебі, орталықта 60-қа дейін орын жеткілікті, барлық жағдайы жасалған. Арасында кейде бір әйелдерді бір жылға дейін ұстаған кездеріміз болды. Өйткені, осында берілетін ақшалар мен арнайы қызметтер 3 айдан 6 айға дейін беріледі. 1700 теңге қарап тұрсаңыз ештеңеге жетпейді. Десе де біз донорлар, кәсіпкерлер бар, «Қызыл ай» қоғамдық бірлестігі зорлық көрген әйелдерге өз қалтамыздан ақша шығарып көмек көрсетуге тырысамыз. Сол себепті, орталық жабылған жоқ. Жыл бойы жұмыс істеп келе жатыр. Екіншіден, бұл жер шын жағдайы жоқ әйелдерге пана, - деді «Көмек» дағдарыс орталығының жетекшісі Малика Жүсіпова.

Оның сөзінше, пандемия кезінде адам азаюдың орнына зорлық-зомбылық көргендер саны көбейіп кеткен. Сол себепті, 18 адамның орны 42-ге дейін жеткізілген. Сондай-ақ, қазіргі таңда орталықта карантин талаптары қатаң сақталған. Тілші ретінде барған тіпті мені де әйелдер мен балалар жатқан орынға кіргізген жоқ. Орталықтың қызметкерімен және кейіпкерлермен бергі дәлізде жүздесіп, сұхбаттастық.   


«Көмек» оңалту орталығының жетекшісі Малика Әбдірашқызы орталыққа келген әйелдердің сана-сезімімен де жұмыс жасап, оларды өзіне ғана сенуге шақыратынын айтып өтті.

Әйелдер күйеуінен ажырасқан соң басқа біреуге сенбей тек өзіне сенетіндей болу керек. Үкіметке де емес, туысқаныңа да емес. Баланы тудың ба, беліңді бу да, алға ұмтыл, өмір сүр дейміз. Менің қарсы болатыным, көбімен сөйлесіп қалсаң «Үкімет бермейді, туысқаным  көмектеспейді» дейді. Сондай әдетке ұшыраған адамдар көп. Жылап барса бірден бере салатындай. Бұл дегенің «мені біреу асыраса» деген масыл түсінік. Ол күйеуге тигенде және баланы туғанда өзі үшін туды емес пе? Сондықтан, ол баланы өсіре аласың ба, өсіре алмайсың ба, соны алдымен жан жақты ойланып алуың керек. Бізде қазір аналар үйінде қыздарына тұрмыстық өмірдің жауапкершілігі болатынын айтып отыру керек. Осындай идеология жетіспейді. Өйткені, біз сананы өзгертпей келешекке жақсы бағытпен кіре алмаймыз. Үкімет деп отыра берсек артта қалып қоямыз. Ал адамға сенім берсек ол алға ұмтылады. Келіншектерге «Қайтесің, басқалардың өміріне, байлығына қызықпа да, қарама да. Бәрі бірден бай болып туылған жоқ, жаймен еңбекпен жетті. Алдыңа мақсат қой да жұмыс істе» деп айтамыз. Адам өзіне сенген кезде ғана аяққа тұрып кетеді, - дейді Малика Әбдірашқызы.


Бұған дейін орталықты паналаған әйелдердің біразы жеке кәсіп ашыпты. Бірі массаж кабинетін ашса, бірі маникюр, шаштараз мамандығын оқып, өз күндерін өздері көріп кеткен. Сондай-ақ орталықта бос жатпай заңгер мен психологтың көмегіне жүгініп, қажетті құжаттарын реттеп, жұмыс істеп тапқан ақшалары мен балаларына алған жәрдемақыны жаратпастан пәтерге төлеуге жинайды. Себебі, олар орталықта ары кетсе үш ай ғана паналай алады.  

Біздің мақсатымыз осында келген әйелдерді отбасымен табыстыру. Бала кімге керек? Әрине, ең бірінші әкесіне. Кейбіреулер жеңіл өмір сүргісі келеді. Отбасылық жанжалда бір адам кінәлі болмайды. Түсінем, әйелді ұруға болмайды. Бірақ, тұрмыс құрғаннан кейін баласы әкелі болу керек. Ал шын мәнінде күйеуі озбыр, жүрісі көп, тек қана боқтап, енесі қорлық көрсете берсе, әрине бастапқыда аяққа тұрып кеткенінше көмектесеміз. Олар осында келген соң бұрынғы сүріп келген өмірінен жиіркенеді. Өзінің, баласының қандай күйге түскенін көріп, көзі ашылады. Оларға психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қосымша Бақтияр деген 70-тен асқан энергетик маманымыз да бар. Ол кісі де адамдарды энергиясы жағынан қарап, жағдайына баға береді. Кейде психологтың сөзі өтпесе сол ағайдың сөзі өтуі мүмкін. Жалпы, отбасылық жанжалда әйел ғана емес, бала да зардап шегеді. Бала бақытты болып өсу керек. Ертең олар менің немереммен бірге оқитын шығар. Олар біздің келешегіміз, - деді ол.

Малика Жүсіпова орталыққа тек қана жағдайы жоқ отбасылардың ғана келмейтінін айтты. Бұған дейін орталыққа бақуат тұратын ерлі-зайыптылар да жанжалдасып, кейіннен татуласып, қайта қосылғандығын айтты.


Бұл жерде сізге айтайын, зорлық-зомбылықта бай мен кедей, жас пен кәрі деген ұғым жоқ. Түрлі санат бар. Бұрын мен жұмысы жоқ, жағдайы нашар отбасылар ғана жанжалдасады деп ойласам, олай емес екен. Мұнда погондағы адамдар да, дәрігер де, жұмыс істеп жүрендердің де әйелдері бас сауғалап келді. Отбасы болған соң ол бай, кедей деп бөлінбейді. Адамдарда қазір мейірім азайып, бір-бірін түсінуден қалған. Кейде ашуым келіп біразына «Сені әйеліне қол жұмсап, осындай жағдайға жеткізген деп баннерге іліп қоямын» деп айтқан кездерім де болды, - дейді орталық жетекшісі.

Сонымен орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер қалай келеді? Қалай табады, орталықтың барын біле ме? Аты-жөнін өзгертіп, тұрғылықты жерінің айтылмауын өтінген кейіпкеріміз Сәуленің орталыққа келуіне көршісі көмектескен. Басты себеп, өгей әкесінің көрсеткен қорлығы мен жыныстық қарым-қатынасқа мәжбүрлеуі себеп болған. 1994 жылы туылған Сәуле балалар үйінен шыққан. Ес білмейтін кезінен асырап алған өгей ата-анасы бар. 2015 жылы анасы қайтыс болған соң, өгей әкесімен қалған. Оған қоса, Сәуле ақыл-есі кем, үшінші топ мүгедегі. Орталыққа келгеніне 7 айдан асыпты. Осы аралықта оны көршісі ғана іздеп келген.


Әкем 70-ке таяп қалған кісі. Бұл жағдайдың бәрі анам қайтыс болған соң басталды. Оның алдында да ұрып-соғатын. Мені де, өгей анамды да. Қолына не түссе сонымен ұрады. Ол екеуінің өзінен туған балалары жоқ, мені асырап алған. Әкем жұмыс істейді, бірақ оның бәрін кешкісін ішіп қояды. Менің мүгедектікке алатын ақшамды да бер деп ұрады. Ауылдың учаскелік полицейіне де талай шағымдандым, бірақ одан ешқандай көмек болмады. Үйге күн сайын кешкісін мастар жиналады. Болмай бара жатқан соң көршіме айтып едім, осында келуіме көмектесті, - дейді кейіпкеріміз.

Орталықтың психолог-социологы Аида Маханбетова Сәуленің бастапқы келген кездері бөлмеден ешқайда шықпай, ешкімді көргісі келмей, тамақ та ішпей, басын бүркеніп бір бұрышта отыратынын айтты.  

Осы орталыққа келгеніме 2 ай болды. Менің алдымдағы психолог Раноның айтуынша Сәуле келген кезде өмірге деген көзқарасы басқа, бір бөлмеден шықпайды. Бойын әбден бойын қорқыныш пен үрей билеп алған. Қазір көңіл-күйі жақсы. Беті бері қарады. Мұнда қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Өзінің жасынан төмен, ақыл-есі кем. Неврологиялық орталықта жылына екі рет емделіп тұрады. Бұл орталықтан әзірге жіберейін деп жатқан жоқпыз. Орталық басшысы алдымен оқып, сертификатын алсын деп отыр. Ол үшін «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығымен келіссөздер жүргізеді. Қалғанын алда көре жатармыз, - деді психолог А.Маханбетова.  

Психолог 2 айда жалпы 32 әйелмен жұмыс істеген. Барлығында ортақ проблема – күйеуі немесе енесімен сыйыспаған. Ол орталыққа зорлық-зомбылықпен келген әйелдерді қалай анықтайтынын айтып берді.  

Мұнда дайын шпаргалкамыз болады. Сол тест арқылы әйелдің көңіл-күйін анықтаймыз. Егер  жоғары болса орталыққа жатқызуға аламыз, жеңіл-желпі болса отбасына қайтаруға, күйеуіне қосуға тырысамыз. Шынымен тұрмыстық  зорлық-зомбылықтың құрбаны болса осында қалып психолог пен заңгердің көмегіне жүгінеді. Себебі, кейбір балалардың туу туралы куәліктері болмайды, - деді психолог.

Психологтың айтуынша, орталықта әйеліне қол көтерген күйеулерімен де жеке-жеке сөйлесіп, татуластырған жағдайлар кездескен. Сол себепті, орталыққа кезінде зорлық-зомбылықпен түскен әйелдердің қайтадан келу жағдайы тіркелмеген.

Ерлі-зайыптылар ұрыса бергеннен ештеңе шықпайды. Мәселені ортақтасып бірге шешуге ұмтылу керек. Бізде көбіне бәрін әйелге артып қояды. Әйел үйдің жұмысынан шаршайды, бір жағынан бала, бір жағынан ене, сосын күйеуі миын жейді. Бәрінен шаршаған әйел өз ата-анасына барса оған да сыймайды, туысқандарын да жағалай алмайды. Ақыры соңында осы орталыққа келеді. Әрине тұрмысқа шығарда ешкім де алдын ала не боларын білмейді, бәрі үйленгеннен кейін шығады. Бірақ мұнда тек жағдайы нашарлар ғана емес, материалдық жағдайы жақсы отбасылар да келеді. Бір әйел алты баласымен келген. Бақуат тұрады. Күйеуінің жүріс жасайтынын білген әйелі ұрыс шығарып, таяқ жеген. Ақыр аяғында біздің орталыққа келді. Бірақ сол күйеуімен қайта табысып қосылды, - деді А.Маханбетова.

Айтуынша, орталықтағы 6 әйелдің де жағдайы орташа. Орталықтың бағасымен алып қарағанда қазір жақсы. Асүйде өздері тамақ дайындап ішеді. Көбінің жоғары білімі, жұмысы жоқ. Орталықтан оқып, сертификат алып, құжаттарын туралаған соң өздері де рахметін айтып кетіп жататын көрінеді.


Екінші кейіпкерді 2 жыл бұрын екі баласымен өз енесі үйінен қуып жіберген. Жалғыз ұлына тұрмысқа шыққан Банудың (аты өзгертілді) орталыққа келгеніне бір айдан асқан. 6 жасар ұлы мен 4 жасар қызы бар. Карантинге байланысты балабақшада істеп жатқан жұмысы жабылып қалып, балаларына беретін тамақ таппаған. Орталықта екенін анасынан басқа ешкім білмейді.


Мұнда баратын жерім болмағаннан кейін келдім. Ажырасып кеткеніме 2 жыл болды. Бұрынғы күйеуім алимент аударып жатыр екен, бірақ шегеріле берген. Оны кеш білдім. Сот орындаушы соңына дейін жұмыс істемеген. Ақша бермесең ешқайсысы жұмыс істемейді. Үйде науқас әжеміз бар. Екі баламен сыймадым. Жақтырмады. Көмектесіп жатқан ешкімім жоқ. Жұмыс іздейін десем екі балама қарайтын адам жоқ. Қайда тастап кетерімді білмеймін. Басым қатып отыр. Отбасында алтаумыз. Ең үлкенімін. Сіңлім тұрмыста. Інілерім әлі кішкентай. Енем мінезі шатақтау. Анасынан қорыққандықтан да бұрынғы күйеуім телефон шала алмай жүр. Баста информатиканы оқығанмын, аяқсыз қалды. Мекенжайда еш жерде жоқпын, айыппұл төлейтін шығармын. Бұл жағдайға күйеуімді кінәлаймын. Ол отбасын қорғай алмады. Мен енеммен ұрысқан емеспін. Енем таңға дейін құрбыларымен ішеді. Күйеуім басында ұрмайтын, енем шағыстыра бастаған соң қол көтере бастады. Бірде енем ас үйге жақындатпай қойып, екі күн аш отырған кездерім болды. Үйден кетпеймін деп жыладым. Қуып жіберді. Қазір балаларды өз атыма аударайын десем күйеуім көнбей отыр. Ертең балаларым мені жек көріп кетеді деп айтады. Ал бұл орталықта желтоқсанға дейін тұратынымды айтты. Болашаққа деген сенімім де, жоспарым да жоқ, өзімді ешкімге керексіз сезінемін, - дейді екінші кейіпкеріміз.


Айта кетейік, жалпы оңалту орталығынан 126 адам өтуі керек болғанымен, келушілер саны одан да көп болған. Осы жылдың наурыз айынан бастап орталықтан 239 адам өткен. Оның 38-і әйел, 88 бала. Ал Түркістан облысы бойынша былтыр жарты жылда әйелдерге қатысты жасалған зорлық фактісі 1043 болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 575-ке дейін төмендеген. 


Фото: автордан
Загрузка...