Әйелдердің құқығын бұзу қоғам үшін қалыпты іс болып тұр – НеМолчи.kz

14 Шілде 2020, 13:25
5462
Бөлісу:
Әйелдердің құқығын бұзу қоғам үшін қалыпты іс болып тұр – НеМолчи.kz
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда мемлекеттен бір тиын алмай, қоғамға үлес қосып жүрген ұйым бар. "Рухани жаңғыру" құқықты білгеннен басталса керек. Жұмыс істеген 4 жыл ішінде 4 адамнан тұратын қозғалыс 52 адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылуына себепкер болды. Жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылық - күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Осы тақырып аясында "НеМолчи.kz" зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық қозғалысының жетекшісі Дина Смайыловамен әңгіме өрбіткен едік.

-"Немолчи.kz" зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық қозғалысын құруға не түрткі болды?

- Мен 20 жасымда топтық зорлаудың құрбаны болдым. Кейін, 47-ге дейін "Таңсәрі" балалар театрын шетелдік аренаға шығарып, продюсер болып жұмыс істедім. Осы кезеңде жеке дағдарысты бастан кешіріп жатыр едім. Себебі, әлгі оқиғадан 25 жылдан кейін мен психологқа жүгіндім. Өз проблемаларыммен жұмыс істегенде сол оқиға қайта оралды. 20 жасымда зорлықтың құрбаны болған кезім есімде жоқ. Себебі, зорлық ауыр есірткінің әсері кезінде жасалды. Той кезінде сусыныма есірткі салып жібереді. Осылайша, ес-түссіз болдым. Бұл жағдай менің күйімді одан әрі қиындата түсті. Мен бұл туралы өзімнің "Жертөле" деген кітабымда жаздым. Ол осы жылдың наурыз айында шықты. Одан жиналған қаржы "НеМолчи.kz" қозғалысына құйылады. 25 жыл бойы бұл оқиғаға мен өзімді кінәлап келдім. Бұл пікір өзгермейтіндей болды. Ол жағдай үшін мен өзімнен басқа кінәлі адамды көрмедім. Бұл ішкі проблема мен көп таптаурынның пайда болуына әкелді. Мен әйел ретінде көп жағдайдан бас тарттым. Бұл оқиға өміріме түбегейлі әсер етті. Ал бұл жағдайда сенің кінәң жоқ екенін, сен тек оқиғаның құрбаны екенін түсінген сәттен бастап өмір өзгереді. Өзіңе, өзгеге деген көзқарас ауысады. Себебі, қоғам жалған "ұят боладыны" таңып қойған. Әйелге тиісе бастағанның өзінде ол өзгені емес,өзін кінәлі санайды. Мәселен, оқушы кезден бастап қыздарға жігіттердің тиісіп, дәмеленгенін қыздар өзінің жеке кінәсі ретінде қабылдайды. Бізде "әйелге не болса да, ол өзі кінәлі" деген қате түсінік бар. Мен де басымнан өткен оқиғаны түсінген кезде қатты күйіндім, ол кезде менің жасым 45-те еді, қоғамның шектеулері мен ереже аясынан шықпай қалудың салдарынан көп нәрсе жоғалтқанымды түсіндім. Бірнеше адамды кінәсіз қалдырғаным үшін де өзімді табаладым. Осы оқиғаны өз парақшамда жазып, бөлістім. Мен өзім туралы шындықты жазған соң, қоғамда ол үлкен пікірталас тудырды.Одан кейін зорланған әйелдердің өздері жаза бастады. Біз осындай қозғалыс құруға мәжбүр болдық. Осылайша, досым Алмат Мұхамеджановтың қолдауымен мен қозғалыс ашуды шештім. Қозғалыстың ашылуына алғышарт осы болған еді.

- Қозғалыстың жұмысы қалай және неден басталды?

- Әрине, бастау өте қиын болды. Біз қай жаққа, қай бағытты бетке алу керегін білмедік. Мен интернеттен осы сынды ұйымды іздедім. Бірақ ештеңе таппадым. Алдымен, біз үнсіздікті бұзуға, барлығын айтуға шақырдық. Ең бірінші жазбаларымды содан бастадым. Психологиялық саулық үшін әйелдерден тыныштықты, үнсіздікті бұзуларын сұрадым. Уақыт өте келе зорлық-зомбылық құрбандары хабарласа бастады. Олар полиция мен сотта құқықтарының бұзылуына душар болып, көмек сұрады. Қылмыстық істер заңсыз жабылып жатты. Осы кезден бастап қылмыстық істермен жұмыс істей бастадық. Жүйенің қандай екеніне сол кезде көзіміз жетті. Тәжірибе барысында қоғам белсенділері зорлық-зомбылыққа қатысты істерге қатыспайтынын білдік. Олар жабық тәртіпте өтеді. Жабық тәртіпте өткендіктен, көп ақпарат қоғамға жетпейді. Себебі, ол-жабық қылмыстық іс. Жәбірленушілерге қатысты бірқатар жағдайдың басы шықты. Әйелдерге тегін адвокат берілмейді екен. Заң бойынша әйелдер жағында тергеуші мен прокуратура ғана, яғни олар жәбір көруші құқығының тапталмауын қадағалайды. Осылай болуы тиіс еді. Алайда біз куә болғандай, тергеу мен прокуратура, сот органдары жәбірленушінің құқығын бұзады. Әйелдер осы жүйемен бетпе-бет қалып, жеңілді. Мысалы, бізде жақында тағы бір шешім шықты. Зорлаушыны ақтап алды. Оның адвокаты өте мықты болды. Біз оның кәсіби біліктілігін мойындадық. Ал жәбірленуішінің адвокаты жоқ. Оған ешкім оны ұсынбады да. Біз де тегін адвокатты жұмысқа тарта алмадық. Өз күшімізбен қорғауға тура келді. Тергеудің басында оның құқығы бұзылғанына куә болдық. Тергеуші айғақ жинамады, біз талап еткен бейнематериалдарды іздемеді. Тергеуші сараптаманың барлығын салғырт жасады. Осы факторлардың барлығы жәбірленушіге кері әсер етеді. Ол заңды білмейді. Осылайша, бұл жағдай жәбірленушіні одан сайын оқиғаның құрбаны болуға мәжбүрлейді. Ол енді тұтас жүйенің құрбанына айналады. Біз осы мәселенің тамырын ұстадық. Неге жәбірленушілердің құқығы тапталады? Неге сот әділ өтпейді? Заңда солай жазылған. Заңда жәбірленушінің белсенді түрде қарсылық таныту керегі жазылған. Алайда заң оның психологиялық жай-күйі мен физикалық қабілетін ескермейді. Халықаралық статистикаға сәйкес, әйелдердің 70 пайызы зорлық кезінде қарсылық танытпайды. Себебі олар ұсқынына зақым келеді деген қорқыныштан, қатты жапа шегуден, оқиға орнында көз жұмудан қорқады. Сол үшін де қарсылық танытпайды. Бұл жағдайды көргеннен кейін біз Парламент пен министрліктерге заңның осал тұстары бойынша ұсынымдар жаза бастадық. Біз заң мен құқық қорғау органдарның әділетсіздігіне куә болдық. Егер былтырғы статистикаға көз жүгіртетін болсақ, зорлық-зомбылық бойынша, яғни 120 бап бойынша 1080 іс қозғалған. Ал жазасын тек 108 адам ғана алды. Тек 10 пайызы ғана түрмеге қамалды, қалғандары жазасыз қалды. Неге? Себебі, зорлаушылар ақша беріп, келісті. 50 пайыз іс бітімгершілікпен аяқталды. Қалған іс жабылды. Оған жүйедегі салғырттық пен жемқорлық себеп болды. Қазір біз өзге елдердің заңы мен статистикасын зерделеп жатырмыз. Жәбірленушілер мен зорлаушылардың психологиясын зерттедік. Осы тақырып аясында бірқатар фильм түсірдік. Ауқымды жұмыс атқардық. Бізге келетін әрбір әйелдің тағдырына бей-жай қарамаймыз. Себебі, біз адвокаттар сияқты істің ашылып, жабылғанына дейін жұмыс істемейміз. Біз құрбанның ішкі дүниесінен бастап әлеуметтік жағдайына дейін қараймыз. Адвокат тек заң тұрғысында ғана көмек береді. Біз жан-жақты, кешенді көмек көрсетуге тырысамыз. Біздің ұйым ашық әрі бұқаралық форматта жұмыс істейді. Ал мемлекет әлі де ашықтыққа дайын емес. Біздің ұйымның 4 жыл бойы мемлекеттен еш көмек алмай жұмыс істеуінің өзі мемлекетке мұндай ашықтық қажет емес екенін, қоғамнан болып жатқан жағдайды жасыру ыңғайлы екенін көрсетті. Зорлыққа қатысты қылмыстық іс жабық түрде өтеді. Себебі, ол жәбірленушінің интимдік оқиғасына қатысты.Бірақ кейбір істерді қоғамға ашық жеткізіп, түрін түстеу керек. Бұл - хайп емес, бұл – азаматтық бақылау. Ертең жәбірленушіге қатысты әділ емес қылмыстық үкім шықпауы үшін әркімге қажет құбылыс.

- Қазақстанда тұрмыстық зорлық құрбандары көп. Қазіргі күрделі кезеңде олардың саны артты. Абьюзерді қалай анықтауға болады?

- Мен құқық қорғаушы ретінде бізде тұрмыстық зорлық туралы заң жұмыс істемейді деп айта аламын. Бұл заң 2009 жылы енгізілді, одан кейін 10-ға жуық өзгертулер енгізілді. Бұл заң әйелдердің құқығын барынша қорғамайды. Себебі, далада кетіп бара жатқан кезде еркек пен еркек арасындағы төбелеске куә болсақ, бұл тәртіпбұзушылық болып саналып, олар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер дәл осы оқиға отбасында кездессе, яғни күйеуі әйелін ұрса, оны 5 күндік қамауға ғана алуы мүмкін. Оның өзінде 5 күн қамау үшін әйел көп процедурадан өтуі керек. Демек, әрекеттегі заң агрессордың жағында тұр. Бұл әйел мен баланы ұрып, жазасыз кетуге болады деген сөз. Егер бұл оқиға далада немесе қоғамдық көлікте болса, бұл заң бұзушылық және басқа бап бойынша жазаға тартылады. Ал үйде болатын қылмысқа әкімшілік жаза қарастырылған. Жазасыз кету оқиғалардың көп болуына алып келеді. Адам бір рет, кейін екін рет қол көтереді,одан жазасыз құтылуға болатынын көреді. Мәселен, кеңестік кезеңде ондай жағдай болмайтын. Егер де әйел ол кезеңде күйеуінің қарым-қатынасын заңды жолмен шеше алмаса,кәсіподаққа, жұмыс орнына барып шағымдана алатын, кейін күйеуін бүкіл ұжымның алдында "масқаралайтын". Қазір қоғамдық нарызылық жұмыс істемейді. Қазір біз әйелдерді агрессормен бетпе-бет қалдырдық. Себебі, полиция келіп алып кеткен күннің өзінде де, тек 2-3 төрт сағат ұстауға ғана құзырлы. Сол себепті де тұрмыстық зорлық құрбандары айтарлықтай көп. Мұндай әрекетке еркектер неге барады? Қоғамда агрессия көп. Қоғамдық орындарда, отбасында, мектепте агрессияға куә болып өскен бала оған үйреніп алады. Ол нормаға айналады. Мәселен, бір бала агрессияға толы, ішетін, жөн сөз айтпайтын отбасында, тұрмыстық зорлықта тәрбиеленсе, ол бала агрессияны трансформациялай алмайды. Оны қоғамға апарып шығарады. Өзінен кіші адамға, жануарға не болмаса басқа біреуге агрессия көрсетеді. Бұл "ұяңда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" деген мақалға саяды. Ал екінші бала отбасы мүшелері балаға, бір-біріне сыйластықпен қарап, қоршаған ортадағы адамдармен сыпайы сөйлесуге куә болып, көп оқитын, театрға бірге баратын отбасында тәрбиеленсе, ол біреуге қол көтермек түгілі артық сөз айту туралы ешқашан ойламайды. Бұл олар үшін норма емес. Осы екі жағдайда өскен екі бала отбасындағы тәрбиенің көрінісі.Егер біз қоғамдағы осы мәселені тұрақтандырып, ретке келтірмесек, қиын болады. Қазір ол мүмкін болмай отыр. Себебі, қоғамда агрессия көп.

- Зорлық-зомбылыққа қарсы қозғалыстың пайда болғанына 4 жыл толды. Осы уақыт ішінде қандай нәтижеге қол жеткізілді?

- Әрине, ең алдымен қоғамның санасы өзгеріп келеді. Әйелдер дауысқа ие болып, наразылықтары мен шағымдарын айта бастады. Құқығын қорғай бастады, көп еркек те әйелге қатысты әділетсіздікті көріп, нәзік жандыларды қолдай бастады. Қозғалыс құрылғаннан кейінгі бір жылда Нью-Йоркте БҰҰ-ның 72 Ассамблеясында қозғалыстың үні шықты. Екі жылдан кейін жыныстық зорлық-зомбылық деңгейі 3637-ден 2118-ге дейін төмендеді. Ал үш жылдан кейін 1332 қылмысқа дейін төмендеді. Заң да өзгеріп жатыр. Осы уақыт аралығында 52 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға көмектестік. Қазір елдегі қиын кезеңге қарамастан, біз 3 ай бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасын қарадық. Біз оған күрделі өзгертулер енгізуге ұсыныс жасадық. Оның барлығын Үкімет ескеріп, заңды қабылдайды деген ойдамын. Парламент күзде заң жобасын Үкіметке жіберген кезде не болатынын көреміз. Заң қабылданады деген үміттемін. Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық өршіп тұр. Ал 4 жылда зорлық саны айтарлықтай қысқарды. Ең бастысы біз жыныстық зорлық туралы заң жобасын қатаңдата алдық. Үкіметтік емес ұйымдарға сенім арта бастады. Бізге сене бастады. Бұл жақсы қарқын.

- Тұрмыстық зорлықтың кейбір құрбандары құқық қорғау органдарына хабарласқанымен,бірнеше күннен соң арыздарын қайтарып алады. Бұл туралы ішкі істер министрі де айтқан  болатын. Сіздіңше, бұның себебі қандай?

-Себебі, біздің заң солай жұмыс істейді. Меніңше, бұған заң мен әйелдің туыстары кінәлі. Себебі, олар құлдық сана мен патриархалды ұстаным негізінде әйел көнбіс болуы керек деп есептейді. Ал заң оған жол беріп отыр. Егер де заң оған жол бермей, әйелі шақырған кезде күйеуін жазаласа, мұндай жағдай болмайтын еді. Себебі, ауыр соққы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Абьюзерді бірден тануға болады. Олар қылмысқа бірден бармайды. Ол оған кезеңдеп келеді. Әйелдер оған құлақ асып, мән берулері керек. Жас қыздар жігітке телефонын береді, ол болса, барлық хатын, байланысын қарайды. Яғни, қыздың жеке шекарасын бұзады. Егер қыз өзінің аймағына осындай шабуылды көрсе, дереу тоқтатуы керек. Ол түйін жасауы керек. Бұл жерде құқықтық сауатсыздық та аса маңызды. Әйелдердің арыздарын алып кетуіне құқықтық сауатсыздық та әсер етеді. Олар жеңіліп қалатынына, заң оның жағына шықпай қалады деп қорқады. Бәлкім, олардың қорқынышы орынды да шығар. Алайда ол құқықтық салада сауатты болса, әділдікке жетіп, жазасын тарттырар еді. Психологиялық сауатсыздықтың да орны ерекше. Қазір еркекпен байланыста мұқият болу керек. Егер ол шамадан тыс қызғанса, серіктесінің әрбір қадамын бақылауда ұстаса, ақшасын да алып қою жағдайы да кездеседі. Бұған әйел көнеді, себебі құлдық тәрбие деген тағы бар. Оның шекарасын ата-анасы да бұзуы мүмкін. Сол үшін де ол мұны норма етіп қабылдауы мүмкін. Бұл жерде отбасындағы қыздың тәрбиесі де аса маңызды. Қыздарға еркін тәрбие беріп, шекарасын бұзбай, өзіне таңдау берсе, бәрі басқаша болатын еді. Олар қателесуі де мүмкін, бірақ мұның бәріне ата-ананың айтуынсыз өзі дербес жетуі керек. Мәселен, әке-шешесі қызға "сен осы мамандықты таңда" деп таңып береді. Қыз солардың айтқанымен өмір сүреді. Ал тұрмысқа шыққан кезде оның жеке шекарасын күйеуі бұза бастайды. Бұл жүйелік зорлыққа алып келеді. Адам осының барлығына дәрменсіз болып, қарсылық танытпайды. Қоғамдағы әйелдерге өте қиын. Себебі, "ұят" түсінігі мен әйелдің міндеті бар. Бала туып, жуып-жинау әйелдің міндеті дейді. Болды. Бұл міндетті отбасы мүшелеріне бірдей бөлу керек. Бізде осыған ешкім үйретпейді.

- Қазір қоғам "әйел таяқ жесе де, өзі кінәлі" дейді. Қоғамның әйелдерге қоятын талаптарына деген көзқарасыңыз қандай?

 - Әрине, Қазақстандағы әйел статусының жағдайы мәз емес. Біз көп жағдайда әйелдерді кінәлаймыз. Әйелге деген талап жоғары. Балаға бірдеңе болса, анасы кінәлі. Үйде бірдеңе болса, әйел кінәлі. Бұл нормалардан шыға алмай отырмыз. Алдымен, Үкіметке қарайық. Үкіметте де, Парламентте де отырғандар – еркектер. Оның 22 пайызы ғана әйел. Парламенте отырған әйелдердің өздері де патриархалды ұстанымда. Олар кеңес кезіндегі таптаурын түсініктен құтыла алмаған. Біз адамның жетістігі үшін мақтамаймыз. Мәселен, Ирина Смирнова деген депутат халық үшін жұмыс істейді. Қазір пандемия кезінде денсаулық сақтау саласында волонтер болып қызмет етіп жүр. Осындай депутаттар бізге керек. Бұл өте сирек құбылыс. Бізде жетекшілерді халыққа бірдеңе істеп, пайдасын тигізгені үшін емес, тек жетекші болғаны үшін ғана мақтайды. Ал бұл екі бөлек дүние. Осы жүйе барлығында кездеседі. Мысалы, патриархалды түсініктегі адам әйелдерге қатысты заң қабылдап, шешім шығарады. Осындай жетекшілер өте көп. Неге Үкіметте әйел жоқ? Себебі, елдің басшылығы әйелдерге тең дәрежеде қарамайды. Басқаруда жүрген әйелдер өте аз. Сол үшін де әйелдер ұтылады. Бізде 5 баланың анасы 5 баласы бар үшін кінәлі болады. Асырай алмай қалған бірде-бір еркек кінәлі емес. Ал жанұшыра, мемлекеттен көмек сұрап жүрген ана кінәлі. Сондықтан да бұл жерде кінә мемлекетте деп ойлаймын. Тәрбие жұмысы ақсаңдап тұр, отбасылық құндылықтар жоқ. Толық отбасы қорғалмайды. Бала, әйел, еркек бөлек-бөлек қорғалады. Отбасылық құндылықты ешкім көрмейді, насихаттамайды. Отбасыны тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң арқылы ғана қорғайды. Әйелдердің құқығын бұзу қоғам үшін қалыпты іс.

-Қазақстандық әйелдерге не айтқыңыз келеді?

-Қазақстандық әйелдер өздерін сыйласа екен. Бұғып жатпай, өз құқығын қорғауды үйренсе деймін. Ол үшін ең алдымен құқықты білген абзал. Сіздердің құқығыңыз ерлермен бірдей. Оны бірдей жүзеге асыруға құқылымыз. Оны түсінбесек, білмесек, біздің құқығымыз бұзылатын ортаға тап боламыз. Сондықтан да әйелдер үндемей, шетте қалуды доғарыңыздар.

-Тұшымды әңгімеңізге рақмет!


Өзгелердің жаңалығы