Ясауи кесенесіне 600 жылдан асса да қалпын сақтаған – елші

15 Мамыр 2019, 16:50
1996
Бөлісу:
Ясауи кесенесіне 600 жылдан асса да қалпын сақтаған – елші

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі Майкл Джон Гиффорд келді.

Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап, қорық-музейдегі құнды жәдігерлермен танысып, тарихи мұралардың маңызы зор екенін жеткізді.

Айта кетейік, Майкл мырза сапар барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің арнайы қабылдауында болып, туристік байланысты нығайту бойынша пікір білдірді.

«Өзбекстандағы тариxи нысандарға қарағанда Қ.Ясауи кесенесіне 600 жылдан асса да негізгі қалпын сақтаған. Сіздер жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде барынша абайлаңыздар. Қазір туристер үшін көне заманнан бері сол қалпында сақталған жәдігерлер құнды. Алдағы уақытта біздің туристік компаниялар әріптестік танытуға дайын. Сондай-ақ, өңірдің ауыл шаруашылығы саласында британдық жаңа технологияларды енгізу бойынша келісім орнайды», – деді Майкл Гиффорд.

Негізі ағылшындар Орта Азияда Самарқанд пен Ташкентке жиі сапарлайды екен. Ал Қазақстанда Нұр-Сұлтан мен Атырауға ғана аялдайды. Түркістанға алғаш рет келген Ұлыбританияның Қазақстандағы тұрақты елшісі Майкл Гиффорд алдағы уақытта түркі әлемінің қасиетті қаласына сапарлауды отандастарына ұсынатын болды.

Ағылшындық қонақ келесі жолы жаңа Түркістанның келбетін көруге қызығушылықпен келетінін айтып аттанды.

Өзгелердің жаңалығы