Ясауи кесенесі мен тарихи тұлғалар жайлы мәлімет беретін мобильдік қосымша іске қосылды

24 Сәуір 2019, 22:45
3726
Бөлісу:
Ясауи кесенесі мен тарихи тұлғалар жайлы мәлімет беретін мобильдік қосымша іске қосылды

Түркістан облысы. BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Android платформаларына арналған мобильдік қосымша іске қосылды.

Қосымша арқылы ғасырлар елегінен өтіп, бүгінге дейін жеткен көне, тарихи құнды жəдігерлер мен оларды сақтау, қорғау, қайта қалпына келтіру, қорық-музейге қарасты тарихи-мәдени және рухани орындармен танысу және 3D-тур арқылы тамашалау, министрлік жаңалықтары мен музейдің атқарып жатқан жұмыстары жөніндегі ақпараттар алу, директор блогы арқылы байланыс орнату, музейге түсетін қаржы және қонақтарға көрсетілетін қызметтер жайлы мәлімет алып, тарихи ескерткіштер жайлы ғылыми мақалаларды оқуға мүмкіндік қарастырылған.

Музей қорында 25000 дана құнды тарихи жəдігер қордаланған. Олардың арасындағы жазба, археологиялық этнография жəне нумизматикалық тобына жататын жəдігерлердің талапқа сай сақталуы үшін соңғы үлгідегі арнайы құрылғылар сатып алып, орнатылды. Қор бөліміндегі еңбек ететін реставраторлар Ресейден арнайы біліктілікті жоғарылату курстарын оқып келген мамандар.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі» 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сəулет ғимараты музейі» болып ашылған. 1989 жылы тамыздың 28 күні Қазақ ССР министрлер кеңесінің № 265 қаулысымен «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі» болып құрылып, ҚР Үкіметінің 24.07.2015 жылғы ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы №585 қаулысымен «Əзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі» РМҚК болып қайта құрылған.

Қорық-музей өз жұмысын екі бағытта жүргізеді. Бірінші бағыты, Түркістан өңіріндегі тарихи-мəдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау жұмыстары. Екінші бағыты, қорық-музей ретінде, ғасырлар елегінен өтіп, бүгінгі дейін жеткен көне, тарихи құнды жəдігерлерді сақтау, қорғау, қайта қалпына келтіру жəне оларды насихаттау жұмыстарын жүргізу.

«Тарихи-мəдени ескерткіштердің жалпы жер көлемі – 557,1935 га. Құрамында 99 тарихи-мəдени ескерткіш бар, оның ішінде 1-уі халықаралық, 16-сы республикалық, 14-і жергілікті маңызға ие. Қалған ескерткіштердің статусын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық дəрежедегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сəулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкілəлемдік мұралар тізіміне алынған. Əлемдік маңызға ие болған ескерткіштің ұлттық пантеон ретіндегі алар орыны да айрықша. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 300-ден аса тарихи тұлғалар жерленген болса, қорық-мұражай мамандарының зерттеулері нəтижесінде сол тұлғалардың бүгінгі таңда 214-і анықталған», - деді «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

«Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі» РМҚК-нің мобильді қосымшасын Google Play Market арқылы жүктеп алуға болады.

 


Өзгелердің жаңалығы