Бас жаңалықтар
Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа 70 мемлекет қол қойды
28 Мамыр 2019, 18:18 591

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа 70 мемлекет қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл турал Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа 2017 жылғы 7 шілдеде қол қойылған болатын. Шартқа сәйкес мүше мемлекеттің аумағында ядролық қаруды және/немесе ядролық жарылғыш құрылғыларды өндіруге, сынауға, сатып алуға, беруге, сақтауға және орналастыруға тыйым салынады. Сонымен бірге ядролық қаруды қолдануға, сондай-ақ оны қолдану қатерін төндіруге тыйым салынады.

Шарт Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясы аясында 2017 жылғы 20 қыркүйектен бастап қол қоюға ашылды және 50 мемлекет ратификациялағаннан кейін күшіне енеді (қaзipri уақытта шартқа 70 мемлекет қол қойды, 23 мемлекет ратификациялады).

«Осы Шартты ратификациялай отырып Қазақстан ядролық қарудан азат әлемді құру және сақтау ісіне зор үлес қосады, сондай-ақ еліміздің ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылығын нақтылайды», - деп атап өтті сенатор Төлеубек Мұқашев.

Сенаторлар сондай-ақ, «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарады.

Хаттамаға 2017 жылғы 30 қарашада Минск қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер басшылары қол қойған болатын. Қолданыстағы Келісімге сәйкес жеткізілетін әскери өнімге бағалар ұлттық бөлімшелердің өз мұқтаждары үшін сатып алатын ішкі бағалары бойынша белгіленетінін атап өту қажет.

Осы Хаттаманың қабылдануымен мұндай жеңілдікті баға өндіруші тарап өз мұқтаждары үшін сатып алмайтын, бірақ Келісім талаптарына сәйкес ҰҚШҰ-ның басқа мүше мемлекетіне жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімге қолданылады.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық