«World Wide Minerals» дауы: Англия Жоғарғы соты Қазақстан пайдасына шешім шығарды

24 Қараша 2020, 13:10
2312
Бөлісу:
«World Wide Minerals» дауы: Англия Жоғарғы соты Қазақстан пайдасына шешім шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 23 қарашада Англияның Жоғарғы соты Қазақстанға қарсы «World Wide Minerals» канадалық компанияның және Пол А. Кэрролдың талабы бойынша осыдан бұрын шығарылған төрелік шешімнің күшін жойды, деп хабарлады ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұрын хабарланғандай 2019 жылдың 29 қазанында Төрелік трибунал талап-арыздың жалпы сомасынан (1,9 млрд АҚШ доллары) 1%-дан кем мөлшерінде талапкерлерге өтемақы ұйғарумен шешім шығарған еді.

Қазақстан Республикасы шешімге шағымдану үшін 2019 жылдың қараша айында 1996 жылғы төрелік заңның 68-бабының тәртібімен төреліктің қаралатын орны бойынша Англияның Жоғарғы сотына өтініш берді.

Нәтижесінде Англияның Жоғарғы соты 2020 жылғы 23 қарашасында қазақстандық тараптың дәлелдерімен келісе отырып, Талапкерлерге ұйғарылған талап сомасы мен шығындарға қатысты шешімнің күшін жойып, оны төрелік трибуналға қайта қарауға жіберді.

Сондай-ақ сот «World Wide Minerals Ltd» және П. Кэрролдан ҚР-ның пайдасына 350 000 АҚШ доллары көлемінде сот шығындарын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Англияның Жоғарғы соты 1996 жылғы төрелік заңның 68-бабының тәртібінде шағымдану процесіне байланысты Қазақстан Республикасына берілетін өзге де шығындардың сомасын қосымша бағалайды, - делінген хабарламада.

Бұл Қазақстан Республикасы өзінің беделін нығайту үшін құқықтық тетіктер қолдану шеңберінде өзінің мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстарды жалғастыратынын айғақтайды. Осының бәрі әділ шешімдерге қол жеткізу жолындағы түбегейлі қайсарлықты көрсетеді.

Осы дауда Қазақстан Республикасының мүдделерін Әділет министрлігі, «Reed Smith LLP» халықаралық заң фирмасы, «Essex Court Chambers» адвокаттық палатадан Джо Смоуа корольдік адвокаты, Лондон қаласы «3 Verulam Buildings» адвокаттық палатының мүшелері Кристофер Харис корольдік адвокаты және Пол Ви адвокатымен бірлесе отырып қорғай білді.

«Essex Court Chambers» және «3 Verulam Buildings» өкілдері бірқатар көпмиллиардтық төрелік талап бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерін сәтті қорғағанын атап өту қажет.

Сондай-ақ «3 Verulam Buildings»-нің өкілі корольдік адвокат Али Малек 2017 жылы «Стати» ісі бойынша Англияның Жоғарғы сотында Қазақстан Республикасының мүдделерін білдірген. Оның нәтижесінде Статидің пайдасына төрелік шешім алаяқтық жолымен алынғандығы туралы жеткілікті сенімді дәлелдердің (prima facie) болуы туралы шешім шығарылды.

Айта кетейік, Али Малек «Банк мүддесін қорғаған жыл адвокаты» деп танылды.


Өзгелердің жаңалығы