Алматыдағы бизнестің 45%-ын әйелдер басқарып отыр

20 Ақпан 2020, 15:13
1469
Бөлісу:
Алматыдағы бизнестің 45%-ын әйелдер басқарып отыр
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП Іскери әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова «Women in Business» екінші форумында айтты.

Оның айтуынша, Алматыдағы 174,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 78 мыңы әйелдер. Сонымен қатар, еліміздегі әйелдердің бизнеске деген ынтасы, қызығушылығы жоғары.

Өткен жылы нәзік жандылар "Атамекен" ҰКП ұйымдастырған бизнес-оқу курстарына үлкен қызығушылық танытты. Ал, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміз бойынша 75 мың адам оқудан өтті, олардың 40,7 мыңы, яғни 54% - әйелдер. "Бастау" жобасы бойынша курстан өткен 55 мың адамның ішінде 30,5 мыңы тағы да әйелдер. "Жас кәсіпкер" жобасы аясында 20 мың түлектің ішінде 10 мыңнан аса жас әйел бар, - деді ол. 

Форум бизнес, әйелдер кәсіпкерлігі және әлеуметтік мәселелерге арналған диалог алаңын құру мақсатында бастау алған. Бүгінгі форум жұмысына экономиканың нақты секторынан 300-ден аса кәсіпкер әйел, сондай-ақ, тәжірибелі сарапшылар қатысуда. Олар әйелдер кәсіпкерлігінде кездесетін мәселелерді шешуге атсалысып, өз тәсілдемелерімен бөліспек.

Алматы қаласы бойынша Іскери әйелдер кеңесінің төрайымы әрі аталған форумды ұйымдастырушылардың бірі Әсел Қарауылова бұл іс-шараның бизнес-қауымдастық үшін пайдасы зор екенін айтады.

Біз бұл форумды екінші мәрте өткізіп отырмыз. Қазірдің өзінде ол үлкен сұранысқа ие екендігін байқап отырмыз. Жағдайға объективтік талдау жасау, Алматы қаласы әйелдеріне арналған ұсынымдар мен тәжірибелік дағдыларды беру, мұның барлығы біздің жобаны табысты әрі нарық үшін қажетті етіп отырған факторлар деп ойлаймын, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы