Бас жаңалықтар
Жастар жылы. Қызылордада жас ғалымдар ғарышкерлермен кездесті
21 Наурыз 2019, 19:00 1090

Жастар жылы. Қызылордада жас ғалымдар ғарышкерлермен кездесті

Астана, BAQ.KZ. Жастар жылы аясында Қызылордада өткен ғылыми жобалар байқауында жеңіске жеткен оқушылардың есімдері белгілі болды.

Қызылорда қаласында "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының IX Наурыз кездесулері өтті. Оған республика бойынша Зияткерлік және жалпы білім беретін мектептердің 200 астам оқушы қатысты. Биылғы жылдың тақырыбы – "Ғарыш. Ғылым. Интеллект".



Наурыз кездесулері аясында оқушылар алғаш рет Байқоңыр ғарыш айлағын аралады. Сонымен қатар, олар Астана уақытымен сағат түнгі 00.14 "Союз" пилот кемесінің ұшырылымына қатысып, оның ғарышқа ұшуын тамашалады.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов шараның құрметті қонағы болды.

Кездесуде NASA мен SpaceX ғарыш жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігі жөніндегі әлемдік сарапшы Майкл Лутомски, NASA-ның ғылыми зерттеушісі Правин Пратапан және ғарышкерлерді даярлайтын Еуропалық орталықтың қызметкері Игорь Дроздовский қазақстандық оқушыларға дәріс оқыды.

Қазақ ғарышкерлері оқушылардың ғылыми жұмысымен танысып, оған жоғары баға берді.

"IX Наурыз кездесулері аясында ғылыми жобалар байқауында оқушылардың аэроғарыштық инженерия тақырыбында 80-ге жуық ғылыми жұмыстары қойылды. Жас өнертапқыштар халықаралық ғарыш станциясын қоқыстардан қорғау және тазарту, ғарышкерлерге – тамақ, медицина және арнайы техника үшін жағдайды оңтайландыру мәселелеріне қатысты жобаларын көрсетті", - дейді Назарбаев Зияткерлік мектептерінің баспасөз қызметі.

Ғылыми жобалар байқауында астаналық оқушылар Ерасыл Тәуекел мен Рахат Жакиеноның, Альнур Акчурин, Әлихан Талипбаев, әрі атыраулық Әмір Альжаксин қостанайлық  Даниил Округ, оралдық Ақылбек Мақсұтов және алматылық Асылбек Сәкенов пен Данил Прохоренконың ғылыми жұмыстары жоғары бағаланып, байқау жеңімпаздары атанды.

Олардың кейбіріне халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің гранттары табысталса, оралдық Ақылбек Максұтов пен қызылордалық Қадырхан Ағыбаевқа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің білім гранттары берілді.

Сонымен қатар, жас ғалымдар өздері құрастырған зымырандарды көк аспанға ұшырды.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар Қызылорда облысының көрікті жерлерін аралады. Қорқыт Ата мемориалды кешенімен танысқан делегаттар Байқоңырдағы ғарыш айлағы мұражайы, "Буран" орбитальды кемесі, Королев пен Гагарин үйлерін және әлемдегі алғаш рет адамды ғарышқа аттандырған Гагарин стартында болды.
Загрузка...