Бас жаңалықтар
Әли Ахмедов АҚШ боксшысын нокаутқа түсіріп, WBC титулын жеңіп алды
09 Маусым 2019, 09:08 109

Әли Ахмедов АҚШ боксшысын нокаутқа түсіріп, WBC титулын жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық боксшы Әли Ахмедов спорттық карьерасындағы 15 жеңісіне қол жеткізді. Ол бүгін АҚШ боксшысы Маркус Макдэниэлді нокаутқа түсірді.

Бұл бокс кеші АҚШ-тағы Madison Square Garden аренасындағы Головкин-Роллс жекпе-жегінің андеркардында өтті.

Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған. Осы кездесудің жеңімпазын екінші орта салмақтағы WBC International титулы күтіп тұрған болатын.

Боксшылар бірінші раундты бір-бірімен зерттеумен өткізді. Ал үшінші раундта Ахмедов бірнеше сериялы соққылар жұмсап, қарсыласын нокдаунға жіберді. Америкалық орнынан тұрғанымен, рефери кездесуді тоқтатып тастады. Сөйтіп, жерлесіміз техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Осылайша, Ахмедов жаңа салмағындағы алғашқы титулын жеңіп алды. Ал Макдэниэл үшін спорттық карьерасындағы бірінші жеңіліс.

Бұл жеңісіне Ахмедов 25 мың доллар алса, қарсыласына 45 мың 250 доллар гонорар қарастырылған.

«Өз командаммен мен осындай мүмкіндік жасаған Геннадий Головкинге алғысым шексіз. Бұл бокс кешіне тыңғылықты дайындық жүргіздім. Шаршы алаңда бапкерімді айтқанының бәрін істедім. Ақыл-кеңесіне сүйене отырып, қимылдадым.. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Атақты Madison Square Garden алаңында өнер көрсету менің арманым болды. Бүгін ол да орындалды. Маған жанкүйер болғандарға рахмет айтамын!», - деді Әли Ахмедов кездесуден кейін.

Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық