Волонтер жылы: Ұлттық ұлан сарбаздары #Bizbirgemiz акциясын қолдады

29 Қаңтар 2020, 06:49
2344
Бөлісу:
Волонтер жылы: Ұлттық ұлан сарбаздары #Bizbirgemiz акциясын қолдады
PHOTO

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жалпыұлттық сипатқа ие болған "Біз біргеміз" акциясы өңірдің мемлекеттік мекемелері тарапынан ғана емес, Отан алдында борышын өтеп жүрген сарбаздар тарапынан қолдау тапты.

Бүгін ҚР Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің 70-тен астам қызметшісі қолдарына күрек алып, тірек-қозғалысы жүйесіндегі бұзушылықтары бар балаларды оңалту орталығының ауласын қардан тазалап берді. Сарбаздар қауымы ғимараттың орталық кіреберістері мен ауласын ретке келтіріп, тазалау жұмыстарына арнайы техника құралдарын да тартты.  

1236 (1).jpeg

Біз жалпыреспубликалық акцияға үн қостық. Себебі, мекеме қызметшілері ауланы қардан тазалай алмас еді. Көмекке келіп, бір игі істі атқарып тастадық. Алдағы уақытта еріктілер жылы аясында түрлі бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлаудамыз, - дейді 5512 әскери бөлімнің әлеуметтік-құқықтық және тәрбие ісі жөніндегі топ бастығы Аңсар Шәкенов.

Бүгінгі таңда оңалту орталығында тірек-қозғалысына зақым келген 75 бала ем қабылдап жатыр.

1236 (3).jpeg

Айта кетейік, соңғы күндері "Біз біргеміз" акциясына өңірдің 10-нан астам ірі сауда орталығы да қосылды. Бизнес нысандар жұртшылықты қар тазалауға шақырды. Бүгінгі күнге дейін Павлодар қаласының аумағынан 115 мың тонна қар шығарылған. Ал қала сыртындағы жолдарды тазалауға арнайы техника жетпей жатыр. 

Төтеншеліктердің айтуынша, облыстық маңыздағы жолдарды тазалауға 52 машина тартылған. Тиісті жұмыстар дер кезінде аяқталмағандықтан, жолда жүздеген көлік кептелісі пайда болған.

Аймақтағы метереологиялық қызмет мамандарының хабарлауынша, соңғы күндері түскен қардың көлемі екі айлық нормадан асқан. Биылғы қыстағы жағдай үш жыл бұрын байқалған.


Өзгелердің жаңалығы