Волонтер жастар жоғалған адамдар туралы сайт ашпақ

7 Маусым 2019, 22:55
1524
Бөлісу:
Волонтер жастар жоғалған адамдар туралы сайт ашпақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қостанай облысының полиция департаментінде үшінші рет ауқымды қабылдау өтті. Бұл туралы Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Ғимарат жанындағы фронт-кеңседе департамент бастығының орынбасарлары тұрғындарды қабылдап, заңды көмек көрсетті. Сонымен қатар, бұл шара облысқа қарасты аудан мен қалалардағы полиция бөлімшелерінде де жалғасын тапты. Фронт-кеңселерге барлығы 87 азамат келді. Бұл жолы проблемалық мәселелерді шешумен қатар, азаматтардан полициямен ынтымақтастық жөніндегі ұсыныстар келіп түсті. Мысалы, волонтерлік іздестіру жасағының мүшелері Ирина Карпенко мен Яна Маляр полиция департаменті бастығының орынбасары полковник Жанболат Олжабаевқа облыста жоғалып кеткендерді іздестіру бойынша сайт ашу жөнінде ұсыныс жасады. Ерікті жастар бірнеше жыл бойы із-түзсіз жоғалған адамдарды полицейлермен бірге іздестіріп келеді. 

«Осы уақытқа дейін біздің тікелей қатысуымызбен облыс бойынша үйінен қашып кеткен жиырмаға жуық жасөспірім табылды. Біз әрдайым олардың туыстарымен байланыстамыз», - деп атап өтті Ирина Карпенко. 

Полиция полковнигі Ж. Олжабаев мұндай интернет-ресурсты ашу туралы идеяны қолдап, осы бағыттағы бірлескен жұмыс жақсы нәтиже беретінін атап өтті. Полиция қызметкерлері жыл басынан бері іздеуде жүрген 30 адамның 25-ін тауып үлгерді. Мұндай жеке ресурс азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге және еріктілердің жұмысын үйлестіруге көмектесетіні анық. 

Фронт-кеңседе департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Дүйембековке Қостанай қаласының тұрғыны Берік Қожахметов көмек сұрап келді. Ол былтыр автокөлігін сатып, сатып алушыдан қалған қаржысын ала алмай жүр. Сәйкесінше кінәлі азаматты жауапқа тартып, тиісті қаржысын алуға жәрдемдесуді сұрады. Аталған мәселеге байланысты арыз жазылып, істің тергелуіне түсініктеме берілді. 

«Ауыл-аймақтағы азаматтардың мәселесіне ерекше назар аударылды. Мысалы, Федоров ауданының полиция бөлімінің фронт-кеңсесіне кент тұрғыны Екатерина Кремер жүгінді, ол ұялы телефонын жоғалтып алған. Федоров полиция бөлімі бастығының орынбасары Рүстем Баймурзин жоғалған заттарды іздестіру бойынша түсініктеме беріп, мүлкінін дереу табылуына барынша күш салынатынын айтты», - дейді полиция департаменті бастығының БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесшісі Елена Кашарина.

Полиция фронт-кеңселердегі қызмет 2019-2021 жылдарға арналған ІІО жаңғырту бойынша Жол картасын іске асыру және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшу шеңберінде жүргізіледі. Жалпы, осымен үш рет өткен қабылдауда полиция көмегіне 200-ден астам азамат жүгінген.

Өзгелердің жаңалығы