Мәжіліс вице-спикері апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін көтерді

21 Қазан 2019, 10:44
5150
Бөлісу:
Мәжіліс вице-спикері апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындылары туралы» Үкімет сағатында елде апаттық жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 160 мектептің мәселесі шешілмей келе жатқанын айтты.   

«Еліміздің орта білім беру саласында 3 жылдан аса уақыт ішінде көптеген мектеп салынып, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жалғасып жатыр. Ауқымды жұмыс көлемі атқарылса да, жеке пысықтауды талап ететін мәселелер көп. Апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі шешілмей келеді. Бүгінде олардың саны 160-тан асады. Сондықтан мемлекеттік бағдарламадан үш ауысымды және апаттық мектептер көрсеткішін алып тастаған министрлік әрекеті негізсіз болып отыр. Оның үстіне бұл міндет Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында бар», - деді Исимбаева.

Мәжіліс вице-спикері мектептерді секундына 4 Мбит болатын кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету көрсеткіші артығымен орындалса да, 93 мектеп интернетке мүлдем қосылмай қалғанын атап өтті. 

«Бұл министрліктің мәліметі, бірақ елмен сөйлескенде осы көрсеткіш одан да көп пе деп ойлайсың. Интернеттің жылдамдығы мәлімдеген жылдамдықтан әлдеқайда төмен мектептер де аз емес», - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы