Вирустың таралуы күшейе қалса, дәрігерлер тастүйін дайын болуы тиіс

23 Қазан 2020, 09:52
1643
Бөлісу:
Вирустың таралуы күшейе қалса, дәрігерлер тастүйін дайын болуы тиіс

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Жасыратыны жоқ, карантин талаптары жеңілдетілгелі бері жұрт арқаны кеңге салып, той тойлап, алыстағы ағайын-туысын аралап кетті. Жергілікті атқарушы органдар бірқатар нысандарға санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмыс істеуге рұқсат бергені – вирустың таралуы тоқтады деген сөз емес. 

Бұл – №5 Тараз қалалық емхананың бас дәрігері Динара Сәрсенованың пікірі. 

Жеңілдік шаралары пандемия кезінде жұмысы тоқтап тұрған кәсіпкерлерге ісін қайта дөңгелетіп, мүмкіндігінше, табыс табуына жағдай жасау мақсатында қабылданғанын түсінуіміз керек. Ел экономикасын тоқыраудан сақтау үшін өндіріс тоқтамай, шағын бизнес өкілдері өнім өндіруі қажет. Алайда басқамыз тығылып той тойлап, топ болып жиылудан тыйылмасақ, індетке қалай тосқауыл қоямыз?!, - дейді ол. 

Медицина маманының сөзінше, күз мезгілі – түрлі инфекциялық аурулардың өршитін кезеңі. Жай тұмауратып қалған жанның иммунитеті әлсіреп, короновирус жұқтырып алу ықтималдығы артады. Күн күрт салқындайтын аймақтарда, көршілес Ресей, Қырғыз елдерінде эпидемиологиялық ахуалдың өрши түскені – соған дәлел. 

Сондықтан елімізде бүгінде коронавирус індетінің ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ауруханаларда қажетті құрал-жабдықтар, оттегімен жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етіліп, қосымша төсек қоры жасақталды. Сондай-ақ барлық емдеу мекемелерінде медицина мамандарын қорғаныш киімдері және құрал-жабдықпен жабдықтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Керекті дәрі-дәрмек қоры да жасақталуда. Өңір тұрғындары арасында жұқпалы дерттің таралу қарқыны үдеген жағдайда, денсаулық сақтау ұйымдары мен дәрігерлер науқастарға ем-шараларын жасауға тастүйін дайын болуы тиіс, - деп түсіндірді Динара Сәрсенова. 

Ол жетекшілік ететін Тараз қаласындағы №5 емханада амбулаторлы пациенттерге жекеленген 2 сүзгі (фильтр) бөлмесі қатар жұмыс жүргізіп жатыр екен. Жедел вирусты жұқпалы аурулар күшейіп тұрған кезеңде емдеу мекемесі үшін осындай бөлмелердің қызметі аса маңызды көрінеді. Себебі, мұнда келген науқастардың ауруын басқаларға таратпауға және оның ертерек алдын-алуға мүмкіндік мол. 

Қазір сүзгі бөлмелерінде бір күнде 50-60-қа жуық адам қаралуда. Олардың көбісі жоспарлы ем қабылдауға және жүкті әйелдердің босану алдындағы жоспарлы ПТР сараптамасын тапсыру мақсатында келген. Бір айта кететіні, күнделікті емдеу мекемесіне келушілердің ішінде 5-6 науқаста жіті респираторлы вирусты инфекция белгілері байқалуда, - дейді емдеу мекемесінің жетекшісі. 

Бірінші сүзгі (фильтр) бөлмесінде тұмауратқан, яғни дене қызуы  жоғары, жөтел, тағы да басқа симптомдары бар емделушілер сұрыпталып, оқшауланады екен. Екінші сүзгі жүкті әйелдер мен балаларға арналған. Коронавирустық инфекция анықталған науқастар болған жағдайда оларды шұғыл түрде оқшаулап, қажет болса амбулаторлы ем тағайындалады. Ондағы мақсат – вирус анықталған науқастарда асқыну жағдайларын болдырмау, яғни өкпенің жасанды желдетуді қажет ететін пневмония сияқты асқынулардың алдын алу. 

Динара Сәрсенованың сөзінше, бүгінгі күні онда 1 дәрігер мен 2 мейірбике қызмет атқарады. 

Сүзгі бөлмесінің медициналық мамандары емхананың арнайы бөлек есігі арқылы кіріп, арнайы қорғаныс киімдерін киіп, сүзгі бөлмесіне өтеді. Қызмет ету уақыттары біткеннен кейін арнайы киімдерін ауыстырып, емхананың келесі бөлек есіктері арқылы шығады. Сондай-ақ, мұнда ПТР талдауынан коронавирустық инфекция анықталған науқастардың мәліметтері электронды базаға кіргізіліп, олармен қарым-қатынаста болған адамдар тізімі анықталады. Ауырғандармен байланыста болған адамдар арнайы құрылған мобильді топ арқылы үй жағдайында қаралып, олардан ПТР сараптамасы алынады. Сүзгі бөлмесінің қызметкелері мен арнайы мобильді топ қызметкерлері толықтай қорғаныс құралдарымен, қажетті дене қызуын өлшеуіш және пульсоксиметр аппараттарымен қамтамасыз етілген, - деді емхананың бас дәрігері.
Алдағы уақытта коронавирустық инфекциядан болатын ауруларға жол бермеу және оның алдын-алу үшін емханаға келген пациенттерді сүзгіден өткізу – маңызды болмақ.
Өзгелердің жаңалығы