Вирус жаңа ортада өміршеңдігін ұзарту үшін мутацияланып жатыр – сарапшы

30 Маусым 2021, 11:41
1717
Бөлісу:
Вирус жаңа ортада өміршеңдігін ұзарту үшін мутацияланып жатыр – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте профессор-иммунолог, Америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман айтты.

Оның айтуынша, біз қазір пандемияның жаңа фазасы вирустың жаңа ортаға бейімделіп, өміршеңдігін ұзарту үшін мутациялану кезеңіне аяқ бастық.

Сарапшылар дельта штамының жұқтыру мүмкіндігі 60 пайызға артық екенін алға тартып отыр. Сонымен қатар дельта штамын жұқтыру госпитализациямен, қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Мұны біз елордадағы эпиджағдайды бақылау барысында байқап отырмыз. Оның тағы бір ерекшелігі - балалар арасында жаңа штамды жұқтыру көрсеткіші бес есе өскен. Алайда балаларда ауру ағымының қаншалықты ауыр өтетіні әлі белгісіз. Ал ересектер арасында вакцина алмағандар вирус жұқтыруға бейім, - дейді ол.

Сарапшының сөзіне сүйенсек, пандемияның жаңа кезеңі вакцина қабылдағандар мен қабылдамағандардың өмір сүру сапасына үлкен өзгеріс әкелді. Вакцинаның екі компонентін қабылдағандарда денсаулықтарына алаңдау сезімі төмен, оларда сенім басымырақ. Ал вакцина алмағандар үлкен қауіп-қатердің алдында тұр.

Коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектің жоқ екенін тағы бір мәрте атап өткен жөн. Біз тек вирустың салдарын емдеп жатырмыз. Бүгінде пандемиямен күрестің бірден бір жолы вакцина болып қалуда. Биомедицинаның жетістігінің арқасында әлемде бірнеше тиімді вакцина өндірілді. Оксфордтық университеттің мәліметіне сәйкес, әлемде үш миллиардтан астам вакцинаның дозасы пайдаланылды. Халықтың басым бөлігі АҚШ, Израиль елдерінде вакцинацияланды. Көптеген елдерде вакцинациялану қарқыны төмен. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Біз қазір үлкен айсбергке жақындап келе жатқан кеме сияқтымыз. Мұндағы кеме - халық, айсберг - вирус. Ал әлеуметтік қашықтық, маска тағу, шектеу шаралары тек айсбергкке жақындауға мүмкіндік бермей тұрған тежегіш қана. Ал айсбергтің тезірек еріп кетуіне жағдай жасайтын құрал - вакцина. Оны айналып өтудің бірден бір жолы - ұжымдық бірлік, біздің жағдайда ұжымдық иммунитет. Халықта ұжымдық иммунитет болмаса, шектеу шаралары тиімсіз болып қала береді, - деді Алмаз Шарман.

Өзгелердің жаңалығы