Бас жаңалықтар
Өңірлерде вирус жұқтырғандардың дені ірі кәсіпорын қызметкерлері
25 Мамыр 2020, 20:48 226

Өңірлерде вирус жұқтырғандардың дені ірі кәсіпорын қызметкерлері

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында  ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев  айтты.

Бүгінге дейін Қазақстан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 8531 науқас анықталды. Олардың 3118-і инфекциялық клиникаларда ем-дом алып жатыр. Жалпы ауырғандардың жартысынан көбі, яғни, 4400 адам емделіп, үйлеріне қайтарылған. Өткен тәулікте инфекция жұқтырған 209 адам тіркелді. Өсу деңгейі – 2,5 пайызды құрап отыр. Алдыңғы аптамен салыстырғанда 2091 науқас анықталып, өсу деңгейі 2,2-5,2 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Коронавирус жұқтырған азаматтардың 80 пайызы немесе 1689 науқас скрининг жасау барысында анықталды, - деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, азаматтардың 15 пайызы өткір респираторлық вирустық инфекция (ӨРВИ) белгілерімен медициналық ұйымдарға өздері жүгінген. Ал, 4 пайыз немесе 81 жағдай басқа елдерден келген.

Еліміздің кейбір өңірінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны айтарлықтай өсіп отыр. Аймақтарды өсім бойынша бірнеше топқа бөлдік. Бірінші топқа жұқтыру өсімі 7 пайызды құрайтын өңірлер енді. Олар: Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы. Солтүстік Қазақстан облысына вирус көбінесе, Ресейден әкелінген. Ал, екінші топтағы өсім көрсеткіші 5-7 пайыз байқалған облыстарға Ақмола, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қаласы енеді. Үшінші топқа өсім көрсеткіші 5 пайыздан төмен аймақтар кіреді. Олар: ШҚО, БҚО, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облысы және Алматы қаласы. Бір айта кетерлігі, аймақтарда вирус жұқтырғандардың дені ірі кәсіпорын қызметкерлері. Мысалы, Шымкент қаласындағы "Петро Қазақстан", Қарағанды облысындағы "Қазақмыс", Атыраудағы "ТеңізШевройл". Бұдан карантин талаптарының жеңілдеуіне байланысты инфекция жұқтыру деңгейінің артқанын байқаймыз, - деді ол.

Тимур Сұлтанғазиев білім беру жүйесі қызметкерлері арасынан вирус жұқтырғандардың аз екенін айтты.

Мектеп, колледж, университет қашықтан оқыту форматына көшуіне байланысты бұл сала қызметкерлері мен оқушылары, студенттері арасында вирус жұқтырғандар жоқ деуге болады. Көбінесе, ауру жұқтыратындар қашықтан жұмыс істеу режиміне көшпеген мекеме қызметкерлері арасынан тіркелуде. Демек, мұндай мекемелерде еліміздің бас санитариялық дәрігері бекіткен қаулыға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қажетті деңгейде сақталмай отыр деген сөз. Осыған байланысты өткен аптадан бастап әр жерде рейд жүргізіле бастады. Тиісті  тапсырма әр өңірдегі жедел штаб өкілдеріне де берілді, - деді ол.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...