Виктор Цой. Ағаш ұстасы. Пеш жағушы. Музыкант

15 Тамыз 2019, 12:32
4297
Бөлісу:
Виктор Цой. Ағаш ұстасы. Пеш жағушы. Музыкант
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 29 жыл бұрын Виктор Цой жол-көлік апатынан қайтыс болды. Жарты жылдан соң өзі аяқтай алмаған альбом «Черный альбом» деген атпен жарық көрді.    

Виктор Цой 1962 жылы 21 маусымда Ленинградтың Мәскеу ауданында туған. Анасы Валентина Васильевна Цой – денешынықтыру пәнінің мұғалімі, әкесі Роберт Максимович Цой – инженер. Виктор отбасындағы жалғыз ұл. 

Виктор Цой 1974-1977 жылдары көркемөнер орта мектебіне барған. Осында Максим Пашков басқарған «Палата №6» тобы құрылған болатын. Алайда Виктордың оқу үлгеріміне байланысты мектептен шығып, СГПТУ-61 училищесіне ағаш кесуші мамандығына түсті. Жас кезінде Михаил Боярский мен Владимир Высоцкийдің жанкүйері болған, кейінірек шығыс жекпе-жегімен әуестеніп Брюс Лиге еліктейді. Екеуі де Андрей Пановтың үйінде танысып, «Автоматические удовлетворители» панк-тобында дайындалады. 

Виктор Цой мен Алексей Рыбин «Автоматических удовлетворителей» құрамында Мәскеуге барып, Артемий Троицкийдің астыртын концерттерінде панк-рок-металл жанрында өнер көрсетеді. Ленинградта Андрей Тропиллоның мерейтойында Цой алғаш рет Борис Гребенщиковпен кездеседі.

602562_2362964.jpg

1981 жылы Виктор Цой, Алексей Рыбин және Олег Валинский «Гарин және Гиперболоиды» тобын құрды. Бұл топ сол жылы күзде Ленинград рок-тобының мүшелігіне кірді. Валинский әскер қатарына кеткеннен кейін топ өзінің атын «Кино» деп өзгертті. 1982 жылы көктемде алғашқы альбомды жазуға кірісіп, жазда толық аяқталды. 45 минуттық альбом «45» деп аталды. 

1983 жылдың ақпан айында «Кино» және «Аквариум» топтарының бірлескен концерті өтті. Сол жылдың көктемінде Ленинградта және Мәскеуде өткен бірнеше концерттен соң Виктор Цоймен келіспеушілік салдарынан Алексей Рыбин топты тастап кетті. Цой мен Юрий Каспарян жазған «46» атты топтың екінші альбомы тыңдармандар арасында кең тарап, толыққанды альбом ретінде қабылданды. 

1983 жылдың күзінде Виктор Цой әскерден қашып, Пряжкадағы психиатриялық ауруханада бір жарым ай тексеруден өткен. Психиатриялық клиникадан шыққаннан кейін ол «Транквилизатор»  әнін жазады. Көктемде ол рок-клубтың екінші фестивалінде өнер көрсетті, онда «Кино» тобы лауреат атанды. Фестивальді ашқан «Я объявляю свою дом безъядерной зоной» әні 1984 жылғы фестивальдің үздік соғысқа қарсы әні деп танылды. 

1005x558_2017061914075499b1c8d966.jpg

1984 жылы «Кино» тобының құрамы жаңарды. 1984 жылдың жазында топ «Начальник Камчатки» альбомын жазып, кейін «Это не любовь» (1985), «Ночь» (1986) альбомдарын шығарды. 

1984 жылдың ақпанында Виктор Марьяна есімді аруға үйленді. Олардың тойларына Борис Гребенщиков, Майк Науменко, Александр Титов, Юрий Каспарян, Георгий Гурьянов секілді сол заманның барлық танымал рок-орындаушылары жүрді. 1985 жылы 5 тамызда бұл шаңырақта Виктордың жалғыз баласы Александр дүниеге келді.

1985 жылдың көктемінде «Кино» тобы Ленинград рок-клубының үшінші фестивалінің лауреаты атанып, ал бір жылдан кейін төртінші рок-фестивалдің «Үздік ән мәтіні» деп танылды.

1986 жылы «Кино» және «Аквариум» топтары АҚШ-та концерттік бағдарламамен өнер көрсетіп, сол жерде «Красная волна» (Red Wave) альбомын жазды.

КСРО-да әр адамның ресми жұмысы болуы қажет еді, әрі бейресми өнермен айналысқан Виктор Цой басқалар секілді қылмыстық қудалаудан қашып, жұмыс істеді. Мысалы, 1986 жылдың жазында Виктор ардагерлер даңғылындағы моншаны күніне бір сағат тазалап тұрды. Сол жылдың күзінде оны Сергей Фирсов «Камчатка» қазандығына пеш жағушы болып жұмыс істеуге шақырды.

602562_2362988.jpg

Екеуі де 1988 жылға дейін сол жерде жұмыс істеді. Осы атақты қазандықта әртүрлі уақытта Александр Башлачев, Святослав Задерей, Андрей Машнин секілді басқа да белгілі музыканттар еңбек етті. Мұнда сауық кештері мен бейресми концерттері өтті. Қазір бұл қазандықта Виктор Цойдың мұражай-клубы орналасқан.

Ол кескіндемемен айналысуды тоқтатпады. 1988 жылы Нью-Йоркте өткен Ленинградтың қазіргі заманғы суретшілерінің көрмесіндегі 10 сурет Виктор Цойдың қылқаламынан шыққан. 

Виктор Цой «Йя-Хха» (1986), «Конец каникул» (1986), «Рок» (1987), «Асса» (1987), «Игла» (1987) және т.б фильмдеріне түсті. 1989 жылы «Советский экран» журналының сауалнамасы нәтижесінде үздік актер деп танылды. Еске сала кетсек, «Игла» фильмінің соңғы түсірілімі Алматы қаласында өткен болатын. 

201706191337555bbb218f35.jpg

Музыканттар өз шығармашылығы кезінде 8 альбом жазды – «45» (1982), «46» (1983), «Начальник Камчатки» (1984), «Это не любовь» (1985), «Ночь» (1986), «Группа крови» (1988), «Последний герой» (1989)  және «Звезда по имени Солнце» (1989). 

1990 жылы 24 маусымда Мәскеуде Үлкен спорт аренасында «Кино» тобының ең соңғы концерті өтті. 

1990 жылы 15 тамызда Виктор Цой Юрмалада демалыс уақытында балық аулаудан келе жатқанда көлік апатынан қайтыс болды. Музыканттың көлігі қарсы келе жатқан рейстік автобуспен соғысқан. 19 тамызда Цой Ленинградтағы Богослов зиратында жерленді.

Каспарянмен Цой Юрмалада саяжайда жаңа альбом үшін материал жазған болатын. Алайда бұл альбом Виктор Цой қайтыс болған соң 1991 жылы қаңтарда «Черная альбом» деген атпен жарық көрді.  

2018 жылы 21 маусымда әншінің туған күніне орай Алматыда ескерткіш ашылды. Ескерткіш «Ине» фильмінің түсірілім жұмыстары жүргізілген жерге, яғни Төлебаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында тұрғызылды.

Өзгелердің жаңалығы