Вице-министр: 2021 жылы әлеуметтік төлемдерге 3,7 трлн теңге бағытталды

19 Қараша 2021, 18:49
718
Бөлісу:
Вице-министр: 2021 жылы әлеуметтік төлемдерге 3,7 трлн теңге бағытталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуы жолындағы серіктестіктің 30 жылы» тақырыбына арналған Қазақстанның X Азаматтық форумы шеңберінде бейінді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді.

Онда жүргізіліп жатқан жұмыс пен әлеуметтік-еңбек саласындағы басым міндеттер талқыланды.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, ЕХӘҚМ бөлімшелерінің басшылары және ҮЕҰ өкілдері қатысты. Кездесудің модераторы Саясат Нұрбек болды.

Өз сөзінде Ақмәди Сарбасов әлеуметтік-еңбек саласын дамыту бойынша міндеттерді жүзеге асыру және әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету туралы айтып берді.

2021 жылы әлеуметтік төлемдерге 3,7 трлн теңге бағытталды, бұл республикалық бюджет шығыстарының төрттен бір бөлігіне тең (24,5%). Зейнетақы мен жәрдемақыны 4 млн қазақстандық алады. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жүйелі шаралар іске асырылуда. Мысалы, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы жыл сайынғы өсім аясында 5-7% индекстелді, – деді бірінші вице-министр.

Ол азаматтық қызметшілердің түрлі салаларда: білім беруде – 19%-ға, денсаулық сақтауда – 20%-дан 30%-ға дейін, әлеуметтік салада – 45%-ға дейін еңбекақысының артқаны туралы хабарлады.

Сондай-ақ Ақмәди Сарбасов халықты қолдаудың басқа түрлері – атаулы әлеуметтік көмек, кепілдік берілген әлеуметтік пакет және де сақтандыру тәуекелдері туындаған кезде әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жасалатын төлемдер туралы хабардар етті.

Бірінші вице-министр зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты жеке атап өтті.

Қазіргі уақытта елімізде базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыдан тұратын зейнетақымен қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Институционалдық базаны дамытуға, зейнетақы төлемдерінің барабарлығын қамтамасыз етуге және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар дәйекті түрде қабылданды. 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарналарын енгізу қарастырылған, – деді ол.

Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі және екінші деңгейі жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлейтін қызметкерлерді қамтитын әлеуметтік сақтандыру жүйесі болып табылады. Осы жүйе енгізілген 2005 жылдан бастап әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері мен алушылар саны едәуір ұлғайды. Әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істеген уақытта Қордан барлығы 1,8 трлн теңге бөлінді.

Бірінші вице-министр өз баяндамасы барысында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы хабарлады: бірқатар жағдайды жақсартатын қағидаттарды қамтитын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының қабылдануы; мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу (бүгінде шамамен 15 мың адам қамтылды); мүгедектігі бар адамдар үшін Кәсіптер атласын әзірлеу; әлеуметтік және кәсіптік бейімдеу үшін «Ten Qogam» орталықтарын, балаларға арналған жаңа оңалту орталықтарын ашу; оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді жақсарту үшін Әлеуметтік қызметтер порталына толық көшуді қамтамасыз ету және т. б.

Порталды жақсарту жұмысын жалғастырудамыз және бізге қызмет алушылардың пікірі маңызды. Көрсетілетін қызметтердің қолайлылығы мен санын кеңейту үшін мобильдік нұсқаны әзірлеу, портал арқылы инватакси қызметін ұсыну бойынша жобаны іске қосу және оны халықаралық стандарттарға сәйкес бейімдеу бойынша басқа да шаралар жоспарлануда. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс та маңызды болып табылады. Барлық өңірлерде бірлескен мониторингтік топтар жұмыс істейді, мұнда да осы жұмыстың тиімділігі үшін кері байланыс қажет, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Ақмәди Сарбасов ҚР Үкіметі жанындағы Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің қызметі туралы айтып берді, сондай-ақ Еңбекмині мен ҮЕҰ өзара іс-қимылына егжей-тегжейлі тоқталды.

Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша ҮЕҰ-мен ынтымақтастығымыз 12 жылдан астам жалғасуда. Мемлекет пен ҮЕҰ өзара тиімді іс-қимылы осы салада бәсекелестік орта құруға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және мұқтаж топтарды қамтуды айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. 2009 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бюджеттен 8,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы жылдар ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ҮЕҰ саны 41 есе өсті! 2009 жылы осындай қызметтерді барлығы 4 ҮЕҰ көрсетсе, бүгінде 164 ҮЕҰ көрсетіп отыр. Үкіметтік емес ұйымдардың арқасында жыл сайын 8 мыңнан астам адам қиын өмірлік жағдайға қажетті көмек алады, – деді Ақмәди Сарбасов.

Бұдан тыс ол Қазақстанда 33 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейтінін, оның 16-ын үкіметтік емес ұйымдар ашып, жүргізетінін еске салды. Орталықтар отбасыларға кешенді кеңес беруді (заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік, тұрғын үй және т.б.), қысқамерзімді сұранысқа ие мамандықтарға оқытуды, өз бизнесін ашуға қолдау көрсетуді, отбасы институтын нығайту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды және өткізуді көрсетеді. Тек 2021 жылы орталықтар 90 мыңнан астам түрлі қызмет көрсетті.

Сонымен бірге, үкіметтік емес ұйымдар белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары арқылы қарт азаматтарды қолдау шараларына атсалысады.

Бірінші вице-министр кездесу қатысушыларына мемлекеттік бағдарламалар, жол карталары және жеке жобалар арқылы халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету сияқты мемлекет көрсететін азаматтарды қолдаудың басқа да шаралары туралы, соның арқасында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын 1,2 млн-нан астам адам алғанын, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

Жаңа әлеуметтік кодекс, «Кәсіби біліктілік туралы» заңы, Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, ең төменгі жалақының жаңа мөлшерін белгілеу бөлігінде өзгерістер енгізіледі және де жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін ресімдеу бойынша ұсыныстар әзірленеді, - деп түйіндеді Ақмәди Сарбасов.

Өз баяндамасының қорытынды бөлігінде бірінші вице-министр жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін, соның ішінде оған байланысты мәселелерді (әлеуметтік, медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру және салық салу) реттеу тетігін әзірлеу туралы, сондай-ақ Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларына сәйкес еңбекақы төлеуді арттыру жөнінде шаралар қабылдау туралы хабардар етті.

Осылайша, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгені құрайды, бұл 1,67 млн жалдамалы қызметкердің ақшалай табыстарының өсуіне әкеледі. Бұл және де разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, басқа да қызметкерлердің кірістерін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұрын жалақы арттырумен қамтылмаған азаматтық қызметшілердің 590 мың жекелеген санаты (мұрағатшылар, кітапханашылар, музейтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және т.б.) үшін жалақыны кезең-кезеңімен арттыру үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленетін болады. 2022 жылдан бастап олардың жалақысы жыл сайын 20%-ға артып, 2025 жылға қарай екі есе өседі.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті. Алға қойылған барлық міндеттерді шешуде біз әрқашан диалог пен ынтымақтастыққа ашықпыз. Біз өзара іс-қимылымыздың көкжиегін кеңейтуге дайынбыз және сіздердің ұсыныстарыңызға қуаныштымыз,-деп түйіндеді бірінші вице-министр.

Ақмәди Сарбасовтың сөзінен кейін кездесуге қатысушылар Еңбекмині мен ҮЕҰ-ның одан әрі ынтымақтастығының келешек көкжиегін талқылады.

Өзгелердің жаңалығы