Вакцинаның қауіптілігі туралы мәліметтер ғылыми түрде дәлелденген жоқ – дәрігер

15 Маусым 2020, 10:06
3339
Бөлісу:
Вакцинаның қауіптілігі туралы мәліметтер ғылыми түрде дәлелденген жоқ – дәрігер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Вакцинация – мұқтаждықтан пайда болған ем. Оның арқасында ғасырлар бойы қауіпті болып келген аурулардан  арылып келеміз. Бұл туралы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жоғары санатты балалар дәрігері Гүлмира Каукенбаева тілдесу кезінде айтты. 

Вакцина – бұл ағзаның иммундық жүйесінің қауіпті инфекцияларға табиғи қарсы тұру механизмі. Қазақстан Республикасында ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцина салынады. Мәселен, моновакциналар бар, ол туберкулез, дифтерия, тырысқаққа қарсы, пневмококты инфекцияға қарсы, B гепатиті, полиомелитке қарсы салынады. Комбинирленген вакциналар қызылша, қызамық, паротитке қарсы, көкжөтел, В типті гемофильді инфекцияларға қарсы салынады, - дейді дәрігер. 
Оның айтуынша, құрамына байланысты вакцина ағзада қандайда бір өзгерістер, яғни реакция беруі мүмкін. Оны поствакциналдық реакция деп атайды екен. 
Ол ағзаға қауіп тудырмайды, біраз уақыттан кейін жойылады. Дене қызуы көтерілуі  мүмкін, жалпы мазасыздану, жергілікті вакцина салған жерде қабынудың болуы. БӘДС ұйымының мәліметі бойынша, вакцинадан кейінгі асқынулар 1 млн адамға шаққанда 1 жағдай. Ал елімізде 2019 жылғы екпеден кейінгі асқынулар  0,003% құрады, - дейді Гүлмира Каукенбаева. 

Сонымен қатар, ол қазір қоғамда баласына вакцина салғызудан бас тартып отырған ата-аналардың да бар екенін айтты. Алайда вакцинаға қарсы топтардың мәліметтері ғылыми түрде вакцинаның қауіптілігін дәлелдемеген.  

Ғаламтордағы негізсіз мәліметтер халықты вакцинадан қорқуға, сенбеуге шақырып отыр, сонымен қатар, әртүрлі діни көзқарастарға байланысты екпеден бас тартып жатыр. Сайып келгенде, вакцинация – мұқтаждықтан пайда болған ем. Оның арқасында ғасырлар бойы қауіпті болып келген аурулардан арылып келеміз. Ол аурулардың көбі қазіргі уақытта жойылған немесе жеңіл түрде кездеседі. Мәселен, шешек, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит, қызылша, қызамық, паротит дегендер қазір азайған, - дейді дәрігер.
Дәрігер әр адамды қорғайтын, қауіп-қатерсіз, жағымсыз әсері жоқ, мүлтіксіз вакцина болмайтынын айтады. 
Олар иммундық жүйеге серпіліс берген соң, әрине, организм жауап береді, яғни ол жоғарыда айтылған реакциялар. Қоғамда айтылып жатқан вакцинадан кейінгі асқынулар тудыратын бірнеше факторға тоқталсам, ол екпеге қарсы көрсетілімдердің анықталмауы, яғни баланың денсаулығында белгілі бір бұзылыстардың болуы, вакцина салу процедурасының бұзылуы, ағзаның индивидуальді ерекшеліктері, аллергия, екпенің сапасы, тасымалдану шарттарының бұзылуы болуы мүмкін, - дейді ол.   
Өткен аптада ҚР Сенатының отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы заң жобасы талқыланған еді. Бұл заң жобасында вакцина салудың міндетті және ерікті түрі болатыны айтылған. Сондай-ақ вакцинаның сапасы мен жеткізу тәртібіне қатысты жауапкершілік күшейтілмек.
Өзгелердің жаңалығы