Вакциналау мәселесінде өзімшілдік танытуға болмайды – дәрігер

17 Маусым 2021, 09:46
1754
Бөлісу:
Вакциналау мәселесінде өзімшілдік танытуға болмайды – дәрігер

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының неврологиялық бөлімінің меңгерушісі Макшарип Мартазанов тұрғындарды вакциналау мәселесінде өзімшіл болмауға шақырады. Дәрігер вакцинаның тиімділігі және екпе алудың не үшін маңызды екендігі туралы айтып берді.

Оның айтуынша, қауіпті ауруларды тек вакцинаның көмегімен ғана жеңуге болады.

2019 жылы ДДСҰ вакцинацияға сенімсіздікті он негізгі проблемалық мәселелердің қатарына қосқаны бекер емес. Тарихтан білетіндей, вакцина адамзатқа қатерлі ауруларды жеңуге көмектесті. Мысалы, шешек толығымен жойылды, вакцина қызылшамен де әлі күнге тиімді күресуде. Соған қарамастан, сенімсіздік бар. Кім не айтса да, бүгінде адамзат вакцинадан басқа қауіпті ауруларды жеңудің тиімді, сенімді және қауіпсіз әдісін ойлап тапқан жоқ, – дейді Макшарип Мартазанов.

Оның айтуынша, басты мәселе екпе егудің дұрыс алгоритмімен байланысты болып отыр.

Әрине, вакцинаның медициналық және жас ерекшелігіне байланысты белгілі бір қарсы көрсетілімдері бар. Бәрі мұқият және нұсқауларға сай жасалғанда вакцина тек пайда әкеледі. Әлеуметтік желілерде адамның екпе алғаннан кейіне ауырып қалғаны немесе қайтыс болғаны жайлы оқыдым. Рас, мұндай жағдайлар болады, бірақ бұл вакцинадан емес. Бұл жерде науқас вакцина алардың алдында ауырып жүрген. Мұндай жағдайда вакцина ағзаға кері әсер береді. Жалпы вакцина дегеніміз – ағзаны аурумен бетпе-бет келуге үйрету, иммундық жүйені тиімді дайындау, сол немесе басқа қоздырғышпен байланыста болған кезде оны толықтай қаруландыруға мүмкіндік береді. Коронавирустың әлем халқына қаншалықты зардап әкелгенін білеміз. Сонымен қатар, статистика көрсеткіші нақты жағдайға қарағанда әлдеқайда төмен. Ауру миллиондаған адамды қырып-жоюда, бұл - адамзат қасіреті. Індеттің жеңіл түрімен ауырмаған бірде-бір отбасы жоқ. Өткен жылғы қайғылы оқиғалар естен кетер ме? Бізде вакцина алудың тамаша мүмкіндігі пайда болған кезде адамдар кері пікір айтуға әуес. Меніңше вакцинациға қатысты проблема мүлдем болмауы керек, – деп түсіндірді дәрігер.

Оның пайымынша, вакциналауға сенімсіздікпен қарайтын скептиктер қашанда болады. Дәрігердің өзі өткен жылы КВИ-мен ауырғанына қарамастан вакцина алған. Бүгінгі күні Ақмола көпбейінді облыстық ауруханасының неврологиялық бөлімшесінің барлық қызметкерлері екпе алды.

КВИ-мен ауырған адамдар да екпе алуы керек. Өйткені иммунитет төмендеп, антиденелер сандық және сапалық жағынан азаяды. Бұл инфекцияны қайта жұқтыруға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар өте көп. Вакцинаның қаншалықты тиімді екендігі адамның иммундық жүйесіне байланысты. Егер белгілі бір уақыт өтіп, қайта егу қажет болса, қайта вакцина алар едім. Өйткені мен өзім үшін ғана емес, өзгелердің денсаулығына да жауаптымын, – деп толықтырды дәрігер.

Оның айтуынша, вакцина алғандар коронавирус инфекциясын қайта жұқтырғанымен, ол жеңіл түрде өтеді.

Ең бастысы, екпе алсаңыз сіз инфекцияның тасымалдаушысы емессіз. Сондықтан барша тұрғындарды вакцина салдыруға шақырамын. Вакциналау арқылы біз адамдарды індеттен құтқара аламыз. Әлеуметтік ара қашықтық пен маскалар вирустық соққыны азайтады және көп адамдар оны жеңіл қабылдайды. Қазір бізде вакцина түрін таңдау мүмкіндігі бар. Сондықтан да вакциналау мәселесінде өзімшілдік танытуға болмайды, - деп түйіндеді Макшарип Мартазанов.

Өзгелердің жаңалығы