Вакцинадан кейін КВИ-ге қарсы иммунитет екі жыл сақталады – инфекционист

17 Шілде 2021, 11:02
5451
Бөлісу:
Вакцинадан кейін КВИ-ге қарсы иммунитет екі жыл сақталады – инфекционист
Сұхбат

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзін күтпеген жерден жайлаған пандемия экономиканы тұралатты, дағдарысқа әкелді, адамзатты әбігерге салды. Қазіргі уақытта әлем елдерінің алдындағы басты мақсат - пандемияның соңына жету, халық денсаулығын сақтау. 

Бұл күресте вакцинациялаудың маңыздылығы алдыңғы орында екендігі белгілі. Осы орайда, адам ағзаның вирусқа қарсы тұруын арттыру, қорғаныс қабілетін күшейтуде жасанды иммунитет қалыптастырудың қажеттілігі, жаппай вакцинациялаудың маңыздылығы және басқа да сұрақтарға Қарағанды медициналық университетінің жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының профессоры Анна Кнаус жауап берді.

Анна Александровна, адам ағзасы түрлі сырқаттармен, жұқпалы аурулармен қалай күреседі, қорғаныс қалай жүзеге асырылады?

Ағзамыздың бізді әртүрлі деңгейде қорғау мүмкіндігі бар. Осы қорғаныстың екі түрі бар - табиғи және жасанды. Біріншісінде қорғаныс жасушалары бізге табиғи түрде, ана сүті арқылы беріледі. Бұл организмге генетикалық тұрғыда берілген ақпарат, ол біздің белгілі бір ауруларға шалдықпауымызға жауап береді. Осының нәтижесінде біз өмір бойы кейбір ауруларды жұқтырмаймыз, ауырмаймыз. Иммунитеттің екінші түрі уақыт өте келе қалыптасады. Яғни біздің ағза әртүрлі сырқаттармен оның ішінде жұқпалы аурлармен кездескенде қорғаныс жасушалары түзіледі. Жұқпалы аурулардан қорғанудың тағы бір жолы – жасанды иммунитет қалыптастыру. Яғни екпе салу, вакцинациялау.

Адам ағзасы коронавирус инфекциясымен күресте не себепті әлсіздік танытуда?

Иммунитет екі түрге бөлінеді – жасушалық және гуморальдық. Бірінші жағдайда біздің жасушалар қоздырғышпен яғни коронавируспен алғаш кездескен кезеңде вируспен өзара әрекеттесу арқылы бізді қорғайды. Бұл уақытта ауру жеңіл жағдайда өтеді. Инфекция жұқтырғандардың 80 пайызында КВИ-дің симптомсыз өтуін осымен түсіндіруге болады. Яғни адамда жасушалық иммунитет деңгейінде қорғаныс жасушалары пайда болады. Бірақ бұл қорғаныс ұзақ мерзімдік болып табылмайды. Осы уақытта жасушалық жады пайда болады. Осының әсерінен қазіргі кезде сырқаттанушылардың саны артып, бірнеше рет вирус жұқтырушылардың қатары көбейіп келеді. Гуморальдық иммунитет – бұл иммуноглобулиндер – жасушалар жады пайда болатын жүйе. Олар біздің организм қоздырғышпен қайыра кездескенде спецификалық оқытылған жасушалар жадын жіберіп, адамның қайыра сырқаттанбауы үшін қажет. Алайда коронавирустық инфекцияда иммундық жасушаларды жасап шығаратын классикалық ағымдар болмағандықтан иммуноглобулиндер пайда болмайды немесе аз деңгейде болады. Әдетте сырқаттан кейін «Т-жасушалар» ағзада айыр безінде сақталады және де қоздырғыштармен қайыра кездескен уақытта спецификалық оқытылған «Т-жасушалар» иммуноглобулиннің пайда болуына әсер етеді. Айыр безі бұл адамның жасы ұлғайған сайын көлемі кішірейіп, өзінің функциясын жоғалтатын иммундық жүйенің мүшесі. Бұл жасы келген, қартайған адамдардың сырқатты анағұрлым ауыр өткізетіндігімен түсіндіріледі.

Анна Александровна, адам организмі үшін коронавирустық инфекция қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

Коронавирустық инфекция жайлы алғаш естіген кезде медициналық қоғамдастық адамда уақыт өте келе қалыптасатын иммунитет пайда болады деп күтті. Себебі халықтың бұл инфекциямен сырқаттанбауы үшін азаматтардың 60-70 пайызында иммунитет қалыптасуы қажет. Алайда қазіргі коронавирус өзін жаңа жағдайда көрсетті. Әлемде COVID-19 инфекциясымен халықтың жеткілікті саны ауырғанына қарамастан жұқпалы инфекцияның таралу деңгейінің төмендемегенін көріп отырмыз. Халық арасында екінші рет инфекция жұқтырғандар да көп. Инфекция созылмалы сырқат түріне айналып келеді және біз «ковидтан кейінгі синдромды» байқап отырмыз. Вирусты жұқтырып, жазылып шыққан адамдардың өзінде де бірнеше ай бойы шаршау, әлсіреу, буын сырқаты және басқа да көптеген жанама әсерлері байқалады.

Жұқпалы аурулардан қорғанудың тағы бір жолы – жасанды иммунитет қалыптастыру деп атап көрсеттіңіз. Яғни вируспен күресудің жолы – вакцинациялау. Екпе біздің ағзаға қалай әсер етеді, қорғаныс қабаты қалай түзіледі?

Вакцинациялау адам ағзасына әртүрлі заттарды енгізумен жүзеге асырылады. Яғни сарысу түріндегі антиденелер, немесе қоздырғыштар мен оның компоненттері болуы мүмкін. Екінші түрде ағза қорғаныс жасушаларын өзі жасап шығаруы қажет. Қазір біз адам ағзасына вакцинация түрінде қолдаудың қажеттілі жайлы айтып келеміз. Себебі біздің ағзамыз аурудан кейін белсенді әрі ұзақ мерзімді жасушаларды жеткілікті түрде жасап шығара алмайды. Коронавирустық инфекцияның бір ерекшелігі аурудан кейін жасушалар жады 3-6 ай аралығында сақталады. Одан кейін олар толығымен әсерсізденеді. Яғни біздің ағзамыз инфекциямен өздігінен күресе алмайды. Ағза бізді коронавирустан қорғайтын дербес, жетілген жасушаларды шығара алмайды. Қазіргі уақытта біз әлемнің, 60%-дан астам халқы бұл вируспен ауырып тұрғанымен біз ұжымдық иммунитет қалыптастыра алмадық. Мұндай жағдайда вакцина жасау қажеттілігі туындайды. Вакцина арқылы біз жасанды жасалған, белсенді иммунитетті қалыптастыра аламыз.

Халық арасында вакциналардың сапасына, қорғаныс деңгейіне байланысты әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Осыған байланысты маман ретінде не айта аласыз? Қазақстандықтардың көбісі егілген «Спутник V» вакцинасына тоқталсаңыз.

Қазіргі уақытта азаматтардың бірнеше түрлі вакцинадан таңдау мүмкіндігі бар. Дегенменде вакцинациялаудың мәні бірдей, түрлі вакциналардың нәтижесі бір – инфекциядан қорғау. Коронавирусқа қарсы вакцина жасау технологиясын әлемдегі елдердің бірде-біреуі жаңадан бастаған жоқ. Бұл технологиялардың барлығы үш жүз жылдан астам уақыт бұрын пайда болған. Ал, «Спутник-V» вакцинасына тоқталатын болсақ, бұл вакцина «Эбола» вирусына қарсы жасалған, толықтай зерттелген вакцина негізінде жасалып отыр. Вакцинаны жасаушылардың айтуынша, аталған екпеден кейінгі иммунитет екі жылға дейін сақталады.

Сұқбатыңызға рақмет!


Өзгелердің жаңалығы