Вакцинациядан бас тарту – бұл тұйыққа апарар жол

27 Қаңтар 2021, 16:40
2069
Бөлісу:
Вакцинациядан бас тарту – бұл  тұйыққа апарар жол

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 1 ақпан күні коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау басталады. 

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салыну жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Дәл осы вакцинаның адамзатқа берері турасында ой бөліскен медицина ғылымдарының докторы, профессор, Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Павел Дерябин вакцинация заманауи медицина қол жеткізген үздік жетістік екенін айтады.

Мысалы, шешек індетімен ауырған ондаған миллион адам болды. Тағы ондаған миллионы көз жұмды. Бұл індеттің «қара шешек» деп аталуы да содан.1979 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) шешек вирусының бұдан былай адам популяциясында тіркелмегенін жариялады. Бұған нақты вакцинация арқылы қол жеткізілді, сондықтан адамзаттың бұл жетістігі адамдардың өмірін сақтап қалуға бағытталды. Егер қазір 30-шы, 40-шы, тіпті 50-жылдардағы сырқаттанушылық статистикасын алар болсақ, бұл кезеңдерде инфекциялық сырқаттанушылықтың басым болғанын байқаймыз. Дифтерия, көкжөтел, қызылша індеттерімен ауырған және қаза болғандардың көрсеткіші жоғары еді. Бүгінгі таңда бұл аурулар «вакцинамен басқарылатын инфекциялар» деп аталатындықтан және профилактикалық екпелердің арқасында көрсеткіш едәуір төмендеді, - дейді ол.

Профессор вакцинацияға қарсы шығып, екпеден кейінгі асқынулар мен жанама әсерлері жайлы мысал келтіріп жатқандардың әрекетіне қатысты ойын білдірді. 

Кейбір азаматтардың вакцинацияға қарсы шығу себебі – адамдар ауыр жұқпалы ауруларды көрмеген және онымен ауырған науқастардың қандай болатынын білмейді. Соңғы 20 жылда көкжөтелдің ауыр түрімен сырқаттанған баланы ешкім көрмеген шығар. Ешкім қызылшамен және тағы басқа аурулармен ауырған балаларды көрген жоқ. Осының бәріне біз вакцинация арқылы қол жеткіздік. Бірақ инфекция өздігінен жоғалып кетті деп санайтын адамдар бар. Олар вакцинация ештеңе бермейді, адамға тек зиян келтіреді, оның генофондын жояды деп ойлайды. Бірақ, бұл – жалған ақпарат. Эпидемиологиялық зерттеулер вакцинация мен церебральды сал ауруы, аутизм және т.б. сияқты аурулардың арасында ешқандай байланыс жоқ екенін дәлелдеді. Сондықтан вакцинация – бұл қауіпті және жұқпалы аурулармен күресуге мүмкіндік беретін заманауи медицинаның ең жоғары жетістігі, - дейді ол.

Дерябин вакцинациядан бас тарту – бұл тұйыққа апарар жол екенін айтты.

Өткен жылы ДДСҰ адамзат денсаулығына әсер ететін ең қауіпті 10 трендті тұжырымдағанын атап өткім келеді. Олардың бірі – вакцинациядан бас тарту. Вакцинациядан бас тарту – бұл  тұйыққа апарар жол немесе оба мен шешек миллиондаған адамды алып кеткен орта ғасырларға апарар жол, - дейді дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы