Вакцина салдырғаннан кейін бірден жұмысқа кірістім - дәрігер

11 Ақпан 2021, 13:20
1522
Бөлісу:
Вакцина салдырғаннан кейін бірден жұмысқа кірістім - дәрігер

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 1 ақпанда елімізде COVID-19 індетіне қарсы вакцинациялау басталды. Алғашқылардың бірі болып «Спутник V» вакцинасын салдырған қарағандылық дәрігерлер қазіргі уақытта жағдайларының қалай екендігін айтты.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының 10 ақпандағы мәліметі бойынша, өңірде 888 медициналық қызметкер вакцина салдырған. Солардың бірі Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы клиниканың Шұғыл травматология бөлімінің меңгерушісі Станислав Рангаев. 5 ақпан күні ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырған дәрігер ағзасында жағымсыз реакцияның болмағандығын айтады.

Мен коронавируспен маусым айында ауырдым. Одан бері жарты жылдан астам уақыт өтті. Сондықтан да вакцина салдырамын деген шешімге келдім. Вакцинациядан кейін ешқандай жағымсыз әсер сезінбедім. Екпе салдырған әріптестерім тарапынан да ешбір шағым естімедім. Бұрынғыдай жұмысқа келіп, өзімізге жүктелген міндетті атқарып жүрміз. Егер болашақта санэпидқызмет вакцина салдырғандарға маскасыз жүруге рұқсат етсе, масканы шешемін. Әзірге барлық азаматтар сияқты антисептік қолданып, маскамен жүремін, қолды жиі жуу сияқты карантин талаптарын орындаймын, - дейді Станислав Рангаев.

Оның айтуынша екпе салдырардың алдында қобалжу сезімі болған.

Вакцина салдыру мен үшін қазіргі шектеулерден шығудың бірден-бір жолы. Сондықтан да вакцинация салдырған адам ретінде Қарағанды облысының тұрғындарына екпе салдыруды ұсынамын, - дейді дәрігер.

Алғашқылардың бірі болып вакцина алған профессор-травматолог Манас Әміров та Х.Ж. Мақажанов атындағы ауруханада жұмыс істейді. 1 ақпанда екпе салдырған дәрігер бірден жұмысқа кіріскенін айтады.

Екпені 1 ақпанда салдырдым. Вакцинадан кейін жағымсыз әсер байқалған жоқ, бірден жұмысқа кірістім. Сол күні өзімді қалыпты сезіндім. Одан кейінгі күндері де жағдайым жақсы болды. Біздің бөлімде 4 дәрігер екпе алды, олардан да қандай да бір кері реакция байқалмады. Қазіргі пандемия жағдайында вакцина салдырудың тиімділі жоғары деп ойлаймын, - дейді Манас Әміров.

Еске салайық, ақпан айының соңғы күндерінде ресейлік «Спутник V» препараты Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасынан шығарыла бастайды. Компания өкілдерінің айтуынша, алғашқы 90 мың дозаны 28 ақпанда тапсырыс беруші Денсаулық сақтау министрлігіне жөнелтуді жоспарлап отыр.


Өзгелердің жаңалығы