Вакцина алуға міндеттеу азаматтардың конституциялық құқығын бұзбай ма?

23 Маусым 2021, 17:21
1926
Бөлісу:
Вакцина алуға міндеттеу азаматтардың конституциялық құқығын бұзбай ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді.

БАҚ өкілі «Қызмет көрсету саласы мамандарын вакцинациялауға міндеттеу олардың конституциялық құқығын бұзбай ма?» деген сауал қойған болатын.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, Конституция бойынша мемлекет азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.

Сондықтан мен бұл жерде конституциялық құқықтың бұзылуын көріп отырған жоқпын. Вакцина алуға қызмет көрсету саласында қызмет ететін азаматтар міндеттелді. Олар адамдармен тікелей жұмыс істейтіндіктен, азаматтардың денсаулықтарына қауіп төндірулері мүмкін. Бір жағынан кәсіпкерлік нысандардың жұмысын да тоқтата алмаймыз. Бұл кәсіпкерлердің өз тілектері болатын. Сондықтан біз осындай қадамға бардық, - деді ол.

Тоғжановтың айтуынша, бұл салада қызмет ететін адам вакцина алудан бас тартса, ПТР тестілеуден өтуге міндеттеледі.

Өйткені біз адам өміріне қауіп төндіре алмаймыз. Оның үстіне әлемде үндістандық штамның таралуы эпидемиологиялық жағдайды ушықтыруы мүмкін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы