Бас жаңалықтар
Вадим Любарский көкпаршы: Ұлым да көкпар тартатын болады
03 Маусым 2019, 12:06 1891

Вадим Любарский көкпаршы: Ұлым да көкпар тартатын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Вадим Любарский Солтүстік Қазақстан облысының көкпар құрамасындағы белді шабуылшыларының бірі. 19-26 мамыр аралығында Таразда Ұлттық ат спорты түрлерінен өткен Қазақстан чемпионатында СҚО көкпаршылары да болды.

Осы кезде Вадимді сөзге тартқан едік. Өзі қазақтың күйеу баласы екен. «Алла бұйырса, ұлым да көкпар тартатын болады» - дейді көкпаршы.

Біз сұқбат алуға келгенде Вадим жаңа ғана аяқталған додадан соң ат суытып жүр екен. Қасына келгенімізде «Ассалаумағалайкум» деп қолын ұсынды. Әңгіме жақсы арнаға құйыларын осы сәтте-ақ ішім сезді.

Сонымен қазақ көкпарында танылған санаулы өзге ұлт өкілінің бірі – Вадим Любарскийдің әңгімесіне құлақ түрейік.

«Жастайымнан қазақтардың ортасында өстім. Ат міну, көкпар тарту, қыз қуу қатарлы ойындарға аудандық мерекелерде үнемі қатысып келеміз. Облыстық құрамада ойын көрсетіп жүрген мен ғана болғаныммен, біздің өңірде тақымына серке қыстырар «төртінші жүздің» жігіттері көп» - дейді көкпаршы.

Осы кезде, Вадимнің жетегінде жүрген «Көксерек» есімді атқа өзім міндім де, әңгімені ат суыта жүріп жалғастыруды жөн көрдім.

«Өзім қазақ ұлтының күйеу баласымын. Руслан деген ұлым бар, қазір 3 жаста. Алла аманшылық берсе, ол да көкпар тартатын болады» - дейді Вадим күйеу.

Әңгіме сабағын үзбей, «көкпар кезінде командаластарыңның барлығы қазақтар, оларды түсінесің бе?» - деп сұрадым. Вадим бетіме қарап күлді де, «қазір сенімен қазақша әңгімелесіп келемін ғой» - деді.

«Көкпар кезінде командадағы жігіттер көбінде бірін-бірі айтқызбай ұғысуға тырысады. Әркім өз міндетін біледі. Мысалы, мен – шабуылшымын. Демек мен жекпе-жекке шықпаймын, керісінше жекпе-жектен суырылып шыққан командаласыма қарсыластардың шабуылшыларын жібермеуім керек. Немесе, қарсы команданың шабуылшысына салым салуға кедергі жасауым керек дегендей. Осындайда командалас жігіттер қысқа-қысқа, «тарт!», «көтер!», «әкет!», т.б. деген секілді сөздерді айтады. Мен ол сөздерді жақсы түсінемін. Бұған командадағы қазақ жігіттердің көп көмегі тиді. Тағы бір айтарым, Қазақстанда өмір сүріп жатқан кез келген адам қазақ тілін білуге міндетті ғой» - дейді Вадим Любарский.

Әңгіме көкпар тартуға қарай ойысқан соң Вадимнен көкпар атын өзің дайындайсың ба деп сұрадым. Астына мінген «Алатауын» баяу аяңдатқан көкпаршы, ат мойнын бір сипап қойып жауап берді.

«Жаңа айттым ғой, жастайымнан қазақтардың ортасында өстім деп, оным тегін емес. Қазақ елінде, қазақ жерінде тұрып жатқандықтан, осы елдің бір бөлшегіне айналу керек. Мен де осы халықтан көп дүние үйрендім, жар сүйіп, бала тәрбиелеп отырмын. Көкпар атын баптауды, суытуды, жем—шөбін беруді де осы елден үйрендім. Әрине, бұл қазақтан өзге ұлт атқа жем беріп, уақытылы суаруды білмейді деген сөз емес. Дегенмен, қазақ халқы, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді емес пе, демек, әр ұлт өзінің жанына жақын іспен айналысады. Орыстар да ат баптайды, бірақ көкпар аты мен бәйге атын қазақ халқынан артық жарата алмайды. Мен де өз атымды өзім баптаймын. Мына астымдағы аттың есімі – «Алатау». Осы атпен додаға түсемін, осы атпен шабуылшы боламын, осы атпен ауыл, аудан, облыс көлемінде өткен көкпарларға қатысамын» - дейді көкпаршы.

Осы жерде Вадимнің көкпар атын баптаудағы өзіндік ұстанымын білгіміз келді.

«Айтарлықтай ерекшелік жоқ. Бірақ қандай ат болмасын, жақсы суытылғаны дұрыс. Содан кейін жемі мықты болсын. Ат ешқашан жүрістен қалмайды, тек жемнен қалады. Өзім додадан кейін аттың жақсы суытылуына көңіл бөлемін» - деді ол.

Әңгімемен біраз жерге барып қалыппыз. Көкпар алаңына қайта беттедік. Вадим әңгімесін «көкпарға келгелі бері көргенім мен үйренгенім көп» деп сабақтады.

«Ер азаматтың тақымында бір жақсы ат болуы керек. Бұрынғы қазақтар, «Жігіттің екі түрі бар, атқан да жыққан, ашқан да оқыған» дейді екен. Қазіргі көкпардағы жігіттердің де «тартқан да алған, еңкейген де ілген» деген екі түрі болса керек. Мен көкпарға келгелі көп нәрсені үйрендім, көп сырға қанықтым. Ең бастысы – ат үстіндегі адамның рухы мықты болады. Көкпар – ерекше ойын, ерекше спорт деуге де болады. Бұл нағыз мықтыларды, нағыз тайсалмас тастақымдарды тәрбиелеп шығарады. Қазақ ұлттық ат спортының барлығы ұнайды, дегенмен аламан мен көкпардың орны ерекше. Сонымен қатар, көкпар тарту үшін рух, жігер керек. Әлсіздер мен қорқақтар үшін мұнда орын жоқ» - дейді Вадим Любарский.

Осы орайда Вадимнен командалық көкпар мен жаппай көкпардың және қазандық пен шеңбердің қайсысы жақсы екенін сұрадым.

«Мен үшін командалық көкпардың орны бөлек. Әрине, әр көкпар түрінің өз ерекшелігі, өз артықшылығы бар. Бірақ, командалық көкпар жаныма жақын. Ал қазандық пен шеңберге келер болсам, шеңбердің қауіпсіздігі айтпаса да түсінікті. Қазандыққа ойнаған кезде сақтықпен, қоқасоқтап ойнайтын едік. Қазандыққа соғылып қалудан тіксінетінбіз. Қазір емін-еркін, көсіліп шауып, көзсіз салым салуға болады» - деді көкпаршы.

Көкпар атын суытып, ілбіп жүріп көкпар алаңына да келіп қалыппыз. Вадимге жақсы әңгімесі үшін алғыс айтып, мен де өз жөніме кеттім.

Айтпақшы, оқырмандарымызға түсінікті болу үшін айта кетейік, Қазақстанның командалық көкпарында ерекше көзге түсіп, «100 жаңа есімнің» қатарынан көрінген Александр Пупенко қазір Атырау облысының «Нарын» командасында ойын көрсетіп жүр. Одан бөлек, Қарағанды облысының құрамасында – Владислав Мишин, Ақтөбе облысы «Әлім ата» командасында – Борис Карашин, Нұр-Сұлтан қаласы «Астана» командасында – Владимир Киль, ШҚО құрамасының капитаны – Артур Бикинин қатарлы біз білетін көкпаршылар бар.


Фото: автордан

Сізден жаңалық