Ұзынағаш ауылында 7 жылдан бері су мен жарық жоқ

26 Қыркүйек 2020, 02:44
3924
Бөлісу:
Ұзынағаш ауылында 7 жылдан бері су мен жарық жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылына 7 жылдан бері не су, не жол, не жарық тартылмаған. Ашынған халық базынасын айтып, әкімдікке қанша шағымданса да мәселе шешімін таба алар емес.

«Астана» арнасының хабарлауынша, жергілікті биліктен күдер үзгендер өздері құдық қазып алған, бірақ, таза емес деп отыр. Ал «ауданды көркейтіп жатырмыз» деп жиі мақтанатын аудан әкімдігі іргедегі ауыл көшелерін мүлдем ұмыт қалдырған. Әйтпесе, Ұзынағаш ауылы жырақта жатқан жоқ, облыс орталығына тиіп тұр. Сонда да онда өркениет атымен жоқ.

Біз суды жерден өзіміз қазып шығарып алғанбыз. Ол суымыз – құм, сап-сары сары су. Жолымыздың түрі мынау, шаң бұрқырап жатыр. Осы жерде 120-130 отбасы тұрамыз. Соған жалғыз бір ғана ұсталған жеке трансформатормен отырмыз, - дейді ауыл тұрғыны Айбаршын Асанова.

Келесі тұрғын Тілеухан Есенқожаұлы ауыл іргесіндегі тас жол мәселесін де сөз етті. Айтуынша, онда жер үсті өткелі тұрмақ, жаяу жүргінші жолағы да жоқ. Жүйткіген көліктердің арасынан тұрғындар басын қауіпке тігіп өтуге мәжбүр. Ашулы топ осындай өзекті жайлардың барлығын қағазға түсіріп, әкімнің қолына ұстатқан. Бірақ, нәтиже көрмеген. Ақ жағылылар бар мәселені бюджеттен бөлінбейтін қаражатқа әкеліп тіреді.

Біз жобаны аудан атына барып қорғаймыз. «Міне, бізге осынша арыз түсіп жатыр, осынша халық жарықсыз отыр. Бізде жоба дайын тұр, 293 миллионға. Енді сонша қаражат керек» деп. 2018 жылдан бері біз сұрап жатырмыз, ақша берілмей келеді, - дейді Жамбыл ауданы ТҮКІШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Қайсар Әпсейітов.

Әйтсе де ашынған ағайын жауаптылардан сөзден гөрі, іске көшуді талап етіп отыр. Енді олар облыс әкімдігіне баруға бел буған.

Өзгелердің жаңалығы