Үздік тергеуші, анықтаушы және криминалист. Байқау жеңімпаздары марапатталды
20 Қараша 2021, 15:00 99

Үздік тергеуші, анықтаушы және криминалист. Байқау жеңімпаздары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ҚР ІІМ үздік тергеушісі, анықтаушысы және криминалисі» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарының кадрлық əлеуеті даярлығын көтеру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған болатын, деп хабарлайды Polisia.kz.

Байқауды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу және Жедел-криминалистикалық департаменттері ұйымдастырды.

Байқаудың республикалық кезеңі ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының базасында өтті. Оған облыстар мен қалаларда іріктеуден өткен 58 тергеуші, анықтаушы мен криминалист қатысты. Олардың арасында спорт шеберлері, үздік мергендер, мінсіз қызметімен көзге түсіп, Мемлекет басшысынан “Ерлігі үшін” және “Халық алғысы” медальдарын алған қызметкерлер болды. Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар жағдаяттық тапсырмаларды орындап, оқиға орнында криминалист, тергеуші және анықтаушы қалай әрекет ету керектігін көрсетті. Екінші кезеңде полицейлер “Менің мамандығым – менің мақтанышым” тақырыбында эссе жазды. Үшінші кезеңде қатысушылар заңнаманы білу бойынша тестілеуден өтті. Ал соңғысында сайыста офицерлер атыс даярлығынан өз шеберліктерін көрсетті.

Үш күнге созылған байқаудың қорытындысын шығару кезінде қазылар алқасы өз ісінің үздіктерін анықтады. “Қылмысты ашуда тергеушілердің, анықтаушылардың және криминалистердің ортақ жұмысы маңызды. Бұл байқаудың мақсаты – осы үш қызметтің жұмысын жетілдіру, қызметкерлерді ынталандыру”, – деп атап өтті министр Ерлан Тұрғымбаев. Министр атынан жеңімпаздарға марапатты ведомство басшысының орынбасары Қайрат Сүнтаев салтанатты түрде табыстады. 

Слет нәтижесі бойынша Ақмола облысы ПД ТБ аға тергеушісі Арман Қожахметов – “Үздік тергеуші”, Қызылорда облысы ПД Жаңақорған ПБ аға анықтаушысы Бақытжан Абжалов – “Үздік анықтаушы”, Жамбыл облысы ПД ЖКБ криминалисті Ержан Өтебаев – “Үздік криминалист” деп танылды. Басқа қатысушыларға да жарыстағы белсенділігі үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.



Фото: дереккөз
Загрузка...