Үйдің кіреберісіне жасалған дезинфекция шығыны коммуналдық төлемге кіре ме?

11 Қараша 2020, 11:53
1634
Бөлісу:
Үйдің кіреберісіне жасалған дезинфекция шығыны коммуналдық төлемге кіре ме?
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

 

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев онлайн брифинг барысында қалада жасалып жатқан дезинфекциялық жұмыстар жайлы баяндады. 

Оның айтуынша, Алматыдағы үйлердің кіреберісін дезинфекциялау үшін күніне 60-қа жуық топ жұмысқа шығады, оның құрамында 600-ден аса адам жұмыс істейді екен. Жалпы қаланы дезинфекциялау жұмыстарын 150-ден аса топ пен техникалар іске асырады.

Алматыда дезинфекциялық өңдеу жұмыстары наурыз айынан бастап жүргізіліп жатыр. Тамыз айына дейін аптасына екі рет жүргізіліп келді, қыркүйек-қазан айында аптасына бір рет өңделді. Осы 2 қарашадан бастап аптасына 3 рет өңдеу жүргізіліп жатыр, - дейді Отыншиев.  

Сонымен қатар, ол  дезинфекция жұмыстардың барлығы қала бюджеті есебінен іске асырылатынын, сондықтан коммуналдық шығынға кірмейтінін жеткізді. 

Сөз арасында ол дезинфекцияда қандай ерітінді қолданылатынын айта келе, дезинфекция жасалған соң ол жерге жарты сағаттан кейін баруға кеңес берді. 

Дезинфекциялық өңдеу үшін «Акма-хлор», «Хлор-ал», «Алма-Экстра», «Шлюзамин», «Септохим», «Сан-лайт», «ConceptSurface», «Сертолиз форте» және «Септолиз универсал» сияқты құралдар қолданылды. Бұл ҚР және Кеден одағының санитариялық-гигиеналық талаптарына сәйкес келетін отандық өндірістің тексерілген препараттары. Сондай-ақ, олар өндіруге, сатуға және пайдалануға рұқсат етілген препараттардың мемлекеттік тізілімінде тіркелген. Бұған дейін дезинфекция жасалған жерге 5 сағат өткен соң бару керек делінсе, қазір жарты сағаттан соң баруға болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы