Білім министрі ұстаздарды зейнетке ерте шығаруға қатысты пікір білдірді

16 Тамыз 2019, 18:16
3444
Бөлісу:
Білім министрі ұстаздарды зейнетке ерте шығаруға қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздарды зейнетке ерте шығару мәселесіне қатысты ойын айтты. 

Журналистердің бірі ұстаздардың зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін көтерді. Алайда, министр бұл мәселе әзірге талқыланып жатқанын айтты.

«Нақты зейнеткерлікке шығу мәселесін бірнеше рет талқыладық. Жалпы зейнетке шығу бойынша заңда бекітілген өзінің уақыты бар. Біз ұстаздарға ондай құқық беретін болсақ, онда басқа да саланың, мысалы дәрігерлер, мәдениет саласының қызметкерлері бар, тағы да басқа мәселелер шыға келеді. Бүгінде бұл мәселе талқылау үстінде. Әлі оң шешімін тапты деп айта алмаймыз», - деді білім және ғылым министрі Тамыз конференциясының қорытындылары туралы өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы тағы 6 айға ұзарып, 59 жасты құрады. 2027 қарай олардың зейнеткерлікке шығу жасы ерлердің зейнеткерлік жасымен теңесіп, 63 жасты құрайтын болады. 

Сондай-ақ, жыл басында Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасында 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды зейнетке ерте шығаруды ұсынған болатын.

Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептердегі ақылы олимпиадалар мен байқауларға қатысты пікірін айтқан болатын. Сонымен қатар, білім министрі Тамыз конференциясының қорытындылары туралы өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік білім гранттары конкурсында неліктен бәсеке жоқ екенін және үшауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін шешу жолдарын айтты. 

Өзгелердің жаңалығы