Ұстаздар тек бір күн ғана емес, әр күн ұлықталуы тиіс – Досмұхамбетов

4 Қазан 2020, 16:49
2595
Бөлісу:
Ұстаздар тек бір күн ғана емес, әр күн ұлықталуы тиіс – Досмұхамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.

Құрметті ұстаздар! Сіздерді мұғалімдер күні мерекесімен құттықтаймын! Ұстаздық ету — ұлы іс. Кез келген елдің келешегі кемел, мықты мемлекет болып дамуының бастауында мұғалімдер қауымы тұрғаны сөзсіз. Олардың берген сапалы білімі — саналы ұрпақтың кепілі. Өйткені, сіздер – жас буынға тәрбие мен білім беріп қана қоймай, ізгілікке баулып, тұлға болып қалыптасуына да зор ықпал етесіздер. Сондықтан ұстаздар тек бір күн ғана емес, әр күн ұлықталуы тиіс. Сіздердің зор жауапкершіліктеріңіз бен жанкештіліктеріңізге бас иеміз, - деді Атырау облысының әкімі.

Досмұхамбетовтің сөзінше, Атыраудың білім беру саласының да өзіндік бай дәстүрі мен терең тарихы бар. 

Ақ Жайықтан түлеп ұшып ел таныған, тіпті, әлем мойындаған талант иелері мен қайраткерлеріміздің бәрі сіздердің шәкірттеріңіз. Сондықтан өңірдің білім жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздарымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Мемлекет тарапынан да ұстаздарға үнемі қолдау жасалып келеді. Биыл мұғалімдердің жалақысы 25% өсіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл маңызды құжат білім саласы қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін арттырары даусыз, - деді ол.

Атырау облысының әкімі ұстаздарды әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Мен де сіздерді әрдайым қолдаймын. Облысқа басшы болып келген күннен бері білім саласын басты назарда ұстап келемін. Биылғы оқу жылы ерекше жағдайда басталды. Пандемия туындатқан қиындықтарға қарамастан, кәсіби біліктіліктеріңіз бен қажыр-қайраттарыңызды таныттыңыздар. Сол үшін де сіздерге арнайы алғысымды білдіремін. Қазіргі кезең білім саласына үлкен талаптар қойып, өзгерістер қажет етіп отырғанын көріп отырмыз. Құрметті ұстаздар қауымы, сондықтан сіздердің алдарыңызда оқушыларға заманға сай білім беру ұлы міндеті тұр. Облыс мұғалімдерінің оны ойдағыдай орындайтынына сенімдімін. Облысымыздың бүкіл педагогикалық қауымына білім беру, халықты ағарту саласындағы ерен еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін! Баршаңызға қажыр-қайрат, денсаулық пен бақыт тілеймін!, - деді Досмұхамбетов.
Өзгелердің жаңалығы