Ұшаққа ПТР-сыз өтуге рұқсат берген әуе компанияларына қандай жаза қолданылады?

27 Қазан 2020, 18:46
1435
Бөлісу:
Ұшаққа ПТР-сыз өтуге рұқсат берген әуе компанияларына қандай жаза қолданылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов тәртіп бұзатын азаматтардың барын да айтты.

Тәртіпті үнемі сақтамайтын азаматтар да бар. Мысал ретінде айтсам, жақында екі жолаушы әуежайдан қашып кетті. Әр жолаушының жеке деректері бізге белгілі болғандықтан, олардың орналасқан жері мен тұратын жерін анықтау қиын болған жоқ. Олар талдау жасау үшін екі күндік карантинге орналастырылды. Мен бізге анықтамасыз келген жолаушыларға мұндай адамдардан әрекетін қайталамауға кеңес беремін, өйткені әр жолаушы туралы барлық жеке мәлімет бізге белгілі. Деректер енгізілетін ақпараттық база бар. Қандай да бір жолаушыны қадағалау қиын емес, - деді ол.

Байғабылов сонымен қатар шетелдіктерге әуе кемесінің бортына ПТР-анықтамасыз өтуге рұқсат берген авиакомпанияларға қандай жаза қолданылатынын еске салды.

Шетелдік авиакомпаниялардың өкілдіктері бар, тиісінше, әкімшілік шаралар қабылданады - әкімшілік іс қозғалып, 1600 АЕК (4 444 800 теңге) көлемінде айыппұл салынады, - деді ол.

Айта кету керек, ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) ағымдағы жылдың 26 қазанынан бастап Халықаралық авиатасымалдарды жүзеге асыратын авиакомпанияларға ПТР-тест нәтижелері туралы анықтамасыз жолаушылар отырғызуға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл талап тек шетелдік азаматтарға қатысты. Шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтамасыз әуе рейстерімен Отанына оралуға құқығы бар.

Өзгелердің жаңалығы