Бас жаңалықтар
Үш жылда жер қатынастары саласында 300 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған
17 Қазан 2019, 12:29 324

Үш жылда жер қатынастары саласында 300 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова Агенттік алаңында өткен баспасөз мәслихатында жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы баяндады. 

"Жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қазақстандықтар үшін өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Биыл "Транспаренси Қазақстан" жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі жер қатынастары саласы сыбайлас жемқорлықтың өзегі екенін дәлелі. Сыбайлас жемқорлықтың ТОП-5 себебіне жер учаскесін алу мен рәсімдеу кіреді", - деді Жарова.

Азаматтар мен бизнес өкілдерінің 60% жер қатынастары басқармалары мен аудан әкімдіктері аппаратында сұрақтарының бейресми түрде шешілу жағдайына тап болады. Мәселелерін шешу үшін 5 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін пара беріледі. Сыбайлас жемқорлық келісімдерінің жартысына жуығына мәселенің шешілуіне кедергі жасайтын лауазымды тұлғалардың өзі бастама болады. 

Әлеуметтік сауалнама нәтижесі Алматы (26,4%), Атырау (9,4%), СҚО (9,4%), Қарағанды (7,5%), Ақмола (7,5%), ШҚО (7,5%), облыстарында сыбайлас жемқорлық фактілері жиі кездесетінін көрсетті. 

Соңғы үш жылда жер қатынастары саласында 300 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы анықталып, 105 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 87 адам сотталды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін жауапқа тартылған тұлғалардың арасында Түркістан (20), Маңғыстау (15), Жамбыл (14), Ақмола (11), Алматы (9), Павлодар (8) облыстары көш бастап тұр.

Қылмыстық фактілердің көп бөлігін жер қатынастары, архитектура бөлімдерінің қызметшілері мен ауылдық округ әкімдері жасаған.

Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Парасатты отбасын" анықтайтыны туралы хабарлағанбыз.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...