Ұрпақтың парасатты болып қалыптасуы мұғалімнің берген тәліміне байланысты - Әшімбаев

3 Қазан 2021, 11:38
2158
Бөлісу:
Ұрпақтың парасатты болып қалыптасуы мұғалімнің берген тәліміне байланысты - Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтады.

Құрметті ұстаздар! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – ұстаздардың ұлт тәрбиелеу жолындағы ерен еңбегіне деген ерекше құрметтің белгісі. Шын мәнінде, ұрпақтың ұлағатты да парасатты болып қалыптасуы мұғалімнің берген білімі мен тәліміне байланысты. Сондықтан ұстаз есімін ұлықтау – әр адамның азаматтық парызы, - деп жазды ол.

Мәулен Әшімбаев ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтті.

Пандемия салдарынан білім беру саласы айтарлықтай зардап шеккені белгілі. Сол келеңсіздіктерді еңсеру жолындағы ұстаздардың қажыр-қайратын айрықша атап өткен жөн. Осылайша мұғалімдеріміз өз қызметіне деген адалдықтың озық үлгісін көрсетті. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ұстаздарға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Президентіміз биылғы Жолдауында педагогтардың жалақысын өсіру, олардың біліктілігін арттыру және бәсекеге қабілетті маман болуына қажетті жағдай жасау бойынша тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы белгілеп берген осындай міндеттердің нәтижелі іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге Парламент Сенаты қашанда дайын, - деп тоқталды Сенат төрағасы өз құттықтауында.

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаздар қауымы қандай құрметке де лайық. Сол себепті, алдағы уақытта педагог мамандарға, жалпы білім беру ісіне жүйелі қолдау көрсету ісі жалғаса береді.

Бүгінгі төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, толайым табыс және амандық тілеймін! Жетістігімен қуантар шәкірттеріңіз көп болсын! – деп жазды ол.

Бұған дейін Білім және ғылым министрі де әріптестерін құттықтаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы