"Ұрпақты азаптап жатырмыз". Бекболат Тілеухан білім жүйесін сынады

21 Қазан 2019, 15:00
6466
Бөлісу:
"Ұрпақты азаптап жатырмыз". Бекболат Тілеухан білім жүйесін сынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан білім беруді және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының алдын ала қорытындылары туралы өткен Үкімет сағатында сапасы мен мазмұны сын көтермейтін мектеп оқулықтары мәселесін қозғады.

"Бүгін мен білім саласынан, оның ішінде орта білімнен маңызды мәселені көріп тұрғаным жоқ. Жасыратыны жоқ орта білімдегі сорақылық, оқулық мәселесі қоғамның титығына әбден тиді. Бала түгілі ата-анасы түсінбейтін тақырып, шешілмейтін есеп қоғам тарапынан қандай сынға ұшыраса да міз баққан жүйе жоқ. Мазақ па, енжарлық па, оны түсінбедік. Бізде Конституция бойынша жалпы негізгі білім алу ақысыз, бірақ жақсылап оқыту үшін репетитор жалдауға мәжбүр боламыз. Сіздің тұлғаңызға қатысы жоқ, бірақ сізге дейінгі тұлғаларға қатысты болғандықтан бұл мәселе – қоғамның, ата-ананың талабы. Біз ұрпақты азаптап жатырмыз. Бір есепті әке-шешесі шығара алмай отырған мұндай білім жүйесі барып тұрған қаскөй жүйе. Сауаттылыққа жауап беретін нақты ешкім болған жоқ. Министрлік мұны баспаға айтады, баспа мемлекеттік стандарттан көреді. Мемлекеттік стандарт оқулықтың орталығына, одан орталықтағы авторлық топқа айтады. Одан басқаға айтады. Одан министрлікке айтады. Қысқасы қайсысының құйрығынан ұстарын білмейсіз", - деді Тілеухан Үкімет сағатында.
Депутаттың сөзінше бүгінгі білім жүйесі құрдымға кетіп бара жатыр. Қай жағынан алса да сын көтермейді. 

"Жүйені түбегейлі қайта қарау керек. Оқулық шығару жүйесін, мұғалімдер даярлауды қайта қараған жөн. Мектеп жүйесі, орта білім беру жүйесі түбегейлі өзгеруі керек. Бердібек Машбекұлы (вице-премьер – авт.), бүкіл ел сіздің бетіңізге қарап отыр. Асхат (Білім және ғылым министрі – авт.), жақсы жігітсің, азаматсың. Енді осы мәселелерге қажыр-қайратпен кірісейікші. Тап осы мәселе шешілер болса, депутаттық мандатымды беріп, өзіңе көмекші әрі хатшы болып баруға дайынмын", - деп сөзін түйіндеді ол.


Өзгелердің жаңалығы