Дәрігер-уролог: Ауруын тексертпей, кейде «әулие» аралап кететін науқастар да кездеседі

30 Мамыр 2021, 09:55
12438
Бөлісу:
Дәрігер-уролог: Ауруын тексертпей, кейде «әулие» аралап кететін науқастар да кездеседі
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Уролог дегенді естіген кезде бірден ер адамдарды емдейтін дәрігер көзімізге елестейді. Алайда оның ер адамдардан бөлек, әйелдердің де өмірлік маңызы бар ағзаларын емдейтінін бірі білсе, бірі білмейді. Бүгін үш бірдей мамандықты ұштастырып жүрген тәжірибелі жас дәрігер, «Теледәрігер» жобасының тұрақты қонағы, қазақстандық уролог-андролог-хирург Талғат Асылханұлымен әңгімелесіп, ерлер арасында белсіздік ауруының таралу себебін, елімізде қандай урологиялық аурулардың «жасарып» бара жатқанын, неліктен адамдар мамандарға емес, жарнамасы жер жаратын препараттарға сеніп, «әулие» аралап кететінін сұрастырдық.

Тілші: Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Дәрігер болу арманыңыз ба еді?
Дәрігер: Мен Түркістан облысы, Кентау қаласының тумасымын. Мектеп оқып жүргенде дәрігерлерге қызығушылықпен қарайтынмын. Оның үстіне отбасымда әкемнің көзі жиі ауыратынын көріп өскендіктен, дәрігер боламын деп шешім қабылдадым. Әрине дәрігерлік жол өте қиын екенін түсіндім. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан. Бір жағынан халқыма пайдам тисе екен дейтінмін. Сол себепті осы дәрігерлік жолды таңдадым. Өмірдің арашасы - дәрігер. Ал дәрігердің ықыласы, пейілі - ең маңызды. Келген сайын ыстық ықыласымен қарсы алатын, жүрегі алтын, жүзі жарқын, адамгершілігі мол дәрігерлер көп болса екен.

Дәрігер-уролог: Ауруын тексертпей, кейде «әулие» аралап кететін науқастар да кездеседі

Тілші: Урология деген мамандық болғанымен оның ішінде де түрлі салалар бар. Сіз қазір хирургия мен урологияны қатар алып жүр екенсіз. Күніне қанша және қандай операциялар жасайсыз?

Дәрігер: Адамдар үшін барлық ішкі он екі және сыртқы он екі мүшесі де қадірлі, әрі қажетті болып есептеледі. Оның ішінде қос бүйректің, қуықтың, жыныс мүшенің өзінің ерекше атқаратын қызметі бар. Өзімнің уролог мамандығына деген қызығушылығым болды. Әрі бағыт-бағдар беріп отыратын уролог дәрігерлердің арқасында таңдадым десем де болады. Атап айтқанда, медицина ғылымдарының докторы Ернұр Исабекұлы, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұланбек Жаңбырбекұлы. 

Дәрігер-уролог: Ауруын тексертпей, кейде «әулие» аралап кететін науқастар да кездеседі

Қазір хирургия мен урологияны қатар алып жүруге тырысамын. Дегенмен қазір урологиялық операцияларды көп жасаймын. Соның ішінде уретереопиелоскопия (несеп тас ауруы кезіндегі операция), бүйректегі тасты алуда эндоскопиялық жолмен жасалатын операциялар, варикоцелэктомия, қуықасты безіне, бүйрекке жасалатын ашық операциялар, балалардағы фимоз (cүндеттеу), ерлер бедеулігіне байланысты операциялар және т.б операция түрлерін жасаймын. Әрбір операциямыз сәтті өтсе, қуанамыз, Алладан жақсы өтсе екен деп тілейміз.

Дәрігер-уролог: Ауруын тексертпей, кейде «әулие» аралап кететін науқастар да кездеседі

Тілші: Көп адам уролог – ер адамдардың жыныстық проблемаларын емдейтін дәрігер деп ойлайды. Неліктен адамдарда бұндай жаңсақ пікір қалыптасқан? Шын мәнінде уролог дәрігер кімдерді және қандай ауруларды емдейді?

Дәрігер: Иә, көбі уролог ер адамдарды, ал әйелдерді гинеколог емдейді деп ойлайды. Ондай жағдайларда мен сол кісілерге «жыныс мүшеңізден басқа сізде бүйрек, қуық, зәр шығаратын жол бар, сонда соны кім емдейді?» деп сұраймын. Содан кейін ғана науқастар түсінеді. Ерлер ауырса, оларды көп жағдайда уролог қарайды. Соған байланысты адамдар бұл дәрігерге ерлер ғана бару керек деп ойлайды. Сол себепті осындай пікірлер қалыптасып жатады. Шын мәнінде уролог маманы – бүйректің, қуықтың, простатаның қабынуы (пиелонефрит, цистит, простатит), несеп тас ауруы, қуықасты безінің ісігі, бүйрек ісігі, бүйрек кистасы, балалардағы бұзылыстар (гипоспадия, эписпадия, крипторхизм, бүйректегі аномалиялар), жыныстық қатынастың төмендеуі, жыныстық қатынас кезінде эякуляцияның тез келуі, ерлер бедеулігі, бүйрек-несеп жүйесінде кездесетін ауруларды емдейді. Ерлерді де, әйелдерді де қараймыз.

Тілші: Сіздің пациенттеріңіз көбінесе қай жас шамасындағы адамдар? Олардың ТОП-5 шағымын атай аласыз ба?

Дәрігер: Көп жағдайда 18-60 жас аралығындағы адамдар қаралады. Алайда көп бөлігін жастар алады. Олардың ТОП-5 шағымын атайтын болсам:

1.    Не себепті жыныстық қатынас кезінде тез эякуляция болады?

2.    Не себепті балалы бола алмай жатырмыз? 

3.    Жыныстық қатынастың төмендеуіне не себеп болады? 

4.    Простатит, цистит, пиелонефритті қалай емдесек болады? 

5.    Жыныс мүшесін үлкейтуге бола ма? 

Осы сұрақтар жиі қойылады және де осыған байланысты көп кеңес береміз.

Дәрігер-уролог: Ауруын тексертпей, кейде «әулие» аралап кететін науқастар да кездеседі

Тілші: Сізге ауруы әбден асқынған кезде келетін науқастар саны көп пе? 

Дәрігер: Әрине, көп. Біріншіден, көбі өздігінен кетіп қалады-ау деген үмітпен жүреді. Сосын кетпеген соң, қатты мазалай бастағанда келе бастайды. Негізі ауруын асқындырмай тұрған кезде келгенде, емдеу жеңілірек болады. Ал асқынған кезде келсе, кейде операция жасайтын кездерге дейін асқындырып алатын науқастар болады. Ауруы асқынбай тұрып келгенде, мүмкін, жеңілірек болар еді деп түсіндіріп жатамыз. Сол себепті өзіңіздің денсаулығыңыздан бір кінәратты көрсеңіз, көп ойлана бермей профильді маман иесінен кеңес алған абзалырақ болады.

Тілші: Жаңа өз сөзіңізде көбінесе жастар қаралады дедіңіз. Қазақстанда қандай урологиялық аурулар «жасарып» барады? 

Дәрігер: Урологиялық аурулардың ішінде бүйректегі тас ауруы өте жиі кездеседі. Сондай-ақ бүйрек, қуық ісігі, қуықасты безінің ісігі де кең таралған. Осы ауруларға байланысты шағымданып келетін науқастар көп. Дәлірек айтқанда, ауруханадағы урологиялық бөлімшедегі науқастардың 30-35%-ын құрайды. Осыған орай жоғарыда аталған аурулар кезінде көп жағдайда операция жасалады. 

Дәрігер-уролог: Ауруын тексертпей, кейде «әулие» аралап кететін науқастар да кездеседі

Тілші: Уролог дәрігерге қандай жағдайда жүгіну керек? Қандай симптомдар урологиялық проблемалар бар екенін білдіреді?

Дәрігер: Көбіміз ісіну, бас ауруы мен шаршаудың өзі – дәрігерге көрінудің алғашқы белгілері екенін біле бермейміз. Ағзамыздың сүзгісі болып табылатын бүйрекке – инфекция, созылмалы дерттер, нашар экологиялық ахуал, дәрілер, тағамдық токсиндер, темекі тарту, алкоголь, салауатты өмір салтын сақтамаудың барлығы да өз әсерін тигізеді. Бүйрек аурулары көбінесе білінбей жүріп, бірден пайда болады. Алайда адамдар сол белгілердің несеп-жыныс жүйесіне тікелей қатысы барына назар аудара бермейді.

Мынадай жағдайларда міндетті түрде урологқа жүгіну керек:

- Егер бүйрек тұсы, қуық тұсы мазаласа;

- Дәретке дұрыс бара алмасаңыз;

- Дәреттің түсі, иісі (қан түстес, иісі өткір, қатты тұнық дәрет) өзгеріс берсе;

- Дәретке жиі бара берсеңіз, дәретті ұстай алмасаңыз;

- Жыныстық қатынас белсенділігі төмендеп, әлсіздік болып жатса.

Осы жағдайлардың барлығында уролог-андролог маманының кеңесін алған абзалырақ болады. 

Тілші: Біздің елде көбінесе әйелдер бедеулік диагнозымен емделіп жатады. Бұл ретте ем тек бір тараптан жүргізіледі. Ал ер адамдар дәрігерге қаралуға асықпайды. Жалпы Қазақстанда белсіздік кең тараған ба? Расымен де көп жағдайда кінәрат әйелден ғана бола ма? 

Дәрігер: Кімге болмасын бедеулік пен белсіздік – үлкен қайғы-қасірет әкеледі. Бұл – ата-тегіңді жалғастыратын ұрпақ сүйе алмау, махаббат ләззатынан айырылу, ерлі-зайыптылық өмірдің мән-маңызын жоғалту.

Бедеулік - репродуктивті жастағы ерлі-зайыптылардың 1 жыл ішінде белсенді түрде жыныстық қатынасқа түссе де, жүктіліктің болмауы. Бедеуліктің себептері өте көп. Ол туа біткен дерт болуы да мүмкін. Бұрындары бедеулік 40-50 жастан асқан ер кісілерде кездессе, қазір 20-25 жастағы жігіттердің бойынан да табылады. Бұл жастағы ер азаматтар таза ауада серуендеудің орнына таң атқаннан кеш батқанша компьютердің алдында отырады. Оның үстіне ерте жастан шамадан көп спирттік ішімдік ішіп, оған қоса темекі шегеді. Мұның бәрі бедеулікке жол ашады. Кейбір азаматтың аталық безі дамымай қалады, кейде, тіпті, аталық ұрық болмауы да мүмкін.

Тағы бір айта кететін жайт, бедеулікке көбінесе ерлердің қуық асты безінің қабынуы себеп болады. Мұны дер кезінде емдемесе, ол созылмалы простатитке айналады. 

Бедеулік - ерлі-зайыптылардың біреуінде немесе екеуінде де репродуктивті қызметтің бұзылуы салдарынан дамиды. Қазір әйелдің де еркектің де бедеулігі 50/50 жағдайда кездеседі. Әрине, әйел қауымын түсінемін. Себебі еркек бірінші талпынысты жасауға батылы бармай жүре береді. Менің тәжірибемде қаншама ер кісілер 5-8 жылдан кейін келіп, тексеріліп жататын жағдайлар өте көп. Не себеп болды деп сұрасаң, әйелім тексерілді, сол емделді, содан болған шығар деп жүретін ер азаматтар өте көп. Кейбір ер кісі уролог дәрігерге келіп көрінуіне ұялатын жағдайлар да бар. Кейде әйелдер күйеулерінің анализдерін өздері алып, кеңес алуға келетін кездер болады. Сол себептен ер адамдарға айтарым: «Айналайын, ер адамдар барлық кінәратты әйелден іздемеңіздер. Мүмкін сізден шығар екенін ұмытпағайсыз? Бала сүю тек әйелге ғана керек емес, ол сіздің де ұрпағыңыз. Сол үшін қорықпай, келіңіздер». 

Бұдан бөлек кейде өзінің ауруын тексертпей, әулие аралап кететін адамдар да бар. Бәрін беруші Алла, емді де беруші Алла, біз тек себепкерміз. Ал аурудың себебін жою - маңызды.

Тілші: Көп адам жыныстық проблемаларын жасырып, әр жерде жарнамаланған препараттарға сеніп, дәрігердің нұсқауынсыз қабылдайды. Бұның салдары қандай?

Дәрігер: Қазір бұл өте өзекті тақырыптың бірі. Себебі жыныстық проблемалар өте көп. Сол себепті халықты алдау мақсатында неше түрлі жарнамалық дәрілер шығарылуда. Оның зардабын ешкім айтпайды. Негізі емді жүргізетін уролог-андролог дәрігерлер. Негізгі себебін емдеп алмай, ол дәрінің зиянын тартып жатқан қаншама адам бар. Бұндай дәрілердің адам ағзасына, жүрек-қантамыр жүйесіне, артериалдық қан қысымына тигізер кері әсері бар. Сол дәрілерді кредит арқылы сатып алып, ішіп көріп, әсер етпей, қайта келіп жататын адамдар да бар. 

Тілші: Бүйрегінде тас бар екен дегенді жиі естиміз. Өзіңіз айтып өткендей, тасты алу бойынша операциялар көп жасалады екен. Оны қарапайым адам қалай анықтай алады? Белгілері бар ма?

Дәрігер: Көп жағдайда несепағар тас ауруы симптомсыз болады. Яғни, түзілістер бүйректе болғанымен, көлемінің кіші болуынан ешқандай белгі бермейді. Тек тұзды шөгінді көбейіп, іріленіп, бүйрек пен қуық арасындағы түтікті бітеген кезде барып, ауырсына бастайды. Бұл жағдайда зәр бүйректен шыға алмай, сол ағзаның түйіліп, шаншуына алып келеді. Негізі адам баласы өз-өзін диагностикадан өткізіп отыруы керек. Мәселен анализдердің көрсеткіші бойынша тасты түзілімнің бар екенін, УДЗ арқылы бүйректің өлшемі мен ішкі құрылысында өзгерістер бар екенін анықтай алады. Ал егер бүйрек мазалап, бір сәтте қатты ауырсынып, қуық жаққа тартып тұрып ауырса, сонымен қатар дәреттің түсі өзгерсе, міндетті түрде урологтың кеңесін алу керек. 

Дәрігер-уролог: Ауруын тексертпей, кейде «әулие» аралап кететін науқастар да кездеседі

Тілші: Сіздің пациентіңізге айналмас үшін қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз?
Дәрігер: Біріншіден, ұл баланың бір жасқа дейінгі кезеңінде аталық жыныс бездері ұмаға түскеніне көз жеткізу керек. Жыныс мүшелерінің дұрыс дамуын бақылау үшін, ұл балаларды жылына бір рет дәрігер уролог-андрологқа тексертіп тұрған жөн. Сондай-ақ, алдымен, өмір салтын өзгерту керек. Зиянды әдеттерден аулақ болу керек. Кездейсоқ жыныстық қатынастан сақтану керек. Қандай да бір шағым болса, дәрігерге көп ұзатпай қаралған абзал. Ауруды дер кезінде асқындырмай емдету қажет. Күніне 2-2,5 литр сұйықтық ішу маңызды. Бұдан бөлек отбасын жоспарлау кезінде уролог маманының кеңесін алған дұрыс болады.

Тілші: Әңгімеңізге рахмет! Қолыңыз жеңіл болсын! Сіздей дәрігерлер көп болсын!

Өзгелердің жаңалығы