Ректорлар студенттерге тәрбиеленуші емес, «қаржы көзі» ретінде ғана қарайды - сенатор

2 Желтоқсан 2021, 14:08
1504
Бөлісу:
Ректорлар студенттерге тәрбиеленуші емес, «қаржы көзі» ретінде ғана қарайды - сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкіметті жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарының жай-күйіне назар аударуға және бұл бағытты жаңа сапалы деңгейге көтеруге шақырды.

Ол Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында жастар тәрбиесіне қатысты проблемалар қоғамда алаңдаушылық туғызып отырғанын атап өтіп өтті.

Жастардың тәрбиесіне қатысты мәселелер қазіргі қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Бас прокуратураның мәліметі бойынша, елімізде жыл сайын колледждер мен университеттердің шамамен 1,5 мың студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 2020 жылы 18-30 жас аралығындағы 4 207 жас есірткі заттарын қолданғаны үшін есепке алынды. Олардың ішінде университеттерде оқитындар аз емес, – деді сенатор.

Сөзінше, соңғы жылдары елімізде өрімдей жастардың, соның ішінде оқушылардың өз-өзіне қол салу әрекеті жиі болып жатыр.

Сондай-ақ Күрішбаев жастардың университеттерде кездесетін проблемаларын атап өтті. Олар – психологтардың, теологтардың, спорт базаларының жетіспеушілігі, адамгершілік-патриоттық тәрбиенің әлсіздігі, шығармашылық белсенді жастарды қолдау мен дамытуға тиісті көңіл бөлінбеуі. Депутат бұған көптеген жоғары оқу орындарында тәрбие жұмыстарының ресми сипатта ғана жүргізілуі себеп екенін айтты.

Қазір университет басшылары студенттерге «тәрбиеленуші тұлға» ретінде емес, университетке «қаржы түсірудің көзі» деп тым жайдақ қарайды. Анығын айтсақ, көптеген жоғары оқу орындарында кадрларды дайындау қарапайым бизнеске айналып кетті. Тіпті университеттерді аккредиттеу жүйесінде студенттердің тәрбие жұмысы қарастырылмаған. Жалпы біздің тәрбие жүйеміз ұлттық құндылықтарымызға негізделуі керек. Өкінішке қарай, соңғы кезде, әсіресе, халықаралық деңгейдегі университеттерде батыстық ұстанымдарға еліктеу орын алуда, – деп толықтырды Ақылбек Күрішбаев.

Осыған байланысты Ақылбек Күрішбаев еліміздің жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының жай-күйіне сыни талдау жүргізуді және оны қоғамдағы қазіргі заманғы үрдістер мен даму басымдықтарына сәйкес сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін қажетті шаралар қабылдауды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы