Бас жаңалықтар
UNICEF пен Дүниежүзілік банк Қазақстанның қашықтан оқыту тәсіліне қолдау білдіреді
07 Сәуiр 2020, 23:20 155

UNICEF пен Дүниежүзілік банк Қазақстанның қашықтан оқыту тәсіліне қолдау білдіреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто мен ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен Қазақстанда қашықтан оқыту үшін таңдалған тетіктер туралы өз пікірлерін білдірді.

Қазіргі таңда елде 3,2 млн оқушы қашықтан оқыту форматына көшті. Негізінен телесабақтар мен арнайы мамандандырылған білім беретін интернет-платформалар қолданылуда. Оқушылармен кері байланыс "Күнделік", "Mektep.edu.kz" және "Bilimal.kz" электронды журналдары, сондай-ақ "Google Classroom", мессенджерлер, электрондық пошта және пошта қызметі арқылы жасалады. Барлық телесабақтар Интернетте қолжетімді. Бұл қажет болған жағдайда видеосабақтарды қайта көруге мүмкіндік береді. Қосымша ретінде телесабақтардың радио нұсқасы да ұсынылған.

Дүниежүзілік банк өкілі атап өткендей, бүгінгі күні барлық елдер жаңа жағдайларға бейімделуге тырысуда және білім беруде Интернетке қосылу деңгейіне байланысты түрлі тетіктерді қарастыруда.

Дүниежүзілік банк көптеген елдерге үздіксіз білім беру процесін қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді шаралар бойынша ұсыныстар берді.

Жалпы, Қазақстанның таңдаған тәсілдері, теле- және радиосабақтарды пайдалануды қоса алғанда, біздің ұсыныстарымызбен сәйкес келеді, өйткені, ең маңыздысы – қиын жағдайларда барлық оқушылардың білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сол себепті, Сіздер барлығын дұрыс істеп жатырсыздар. Барлығы да басынан бастап 100% жұмыс істеп кетеді деп күтуге болмайды, себебі барлығының осы жағдайға бейімделуі қажет, – деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто.

Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта Сингапурда жүрген туыстарының онлайн-оқуға көшкенін және олардың да қиындықтарға тап болып жатқанын айтты.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі өкіл Артур ван Дизеннің атынан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне ресми хат жолдап, онда COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезеңіндегі табысты ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.

ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің карантин мен қашықтан жұмыс істеу режиміне қарамастан, оқу процесін қамтамасыз ету бойынша басқа мемлекеттік органдармен әріптестікте танытқан күш-жігерін құптайды. Сондай-ақ, Министрлік үйде болған кезеңде балалардың білім алуын қиындататын, мысалы, интернет жылдамдығының төмендігі, компьютерлік жабдықтың жоқтығы, мектептердің дайындығы, психоәлеуметтік жағдай сияқты кейбір кедергілер мен шектеулерді ескеруде және қалыптасқан ахуалды назарға ала отырып, қабылданатын шешімдерін жағдайға қарай бейімдеу үшін қажетті қадамдар жасауда, әдістемелік және техникалық мәселелер, қолда бар оқыту платформалары мен арналарды жандандыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда, - делінген хатта.

Екі халықаралық ұйым да төтенше жағдай кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне қашықтан оқыту мәселелерінде қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...