Ұлы Отан соғысында танк алуға қаржы аударған баянауылдық
15 Мамыр, 17:15 501

Ұлы Отан соғысында танк алуға қаржы аударған баянауылдық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлы Отан соғысында танк алуға қаржы аударған баянауылдықты білесіз бе? Ол Молша Шағалаұлы болатын деп,- хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақ "ата көрген - оқ жонар" деп бекер айтпаса керек-ті. Бүгінде Молша атаның ерлігі мен жомарттығы туралы ұрпақтары мақтанышпен айта алады. Соғыс ардагерінің немересі Нұржанның айтуынша, Молша ата Баянауылдан соғысқа үлес қосқан санаулы қазақтың бірі болған.

1942 жылы бүкіл кеңес халқы танк колоннасын жасуға жұмылады. Молша атам балаларын жинап алып, "біздің де улес қосуымыз керек", - деген екен. 

Осындай қиын кезде жеңіске жету үшін атам сол жылдың күзінде танк колоннасын жасауға 50 мың сом қаржы қосады, - деді ол.

Молша Шағалаұлы 50 мың сом қаржыны жібере отырып, И.В.Сталинге былай деп хат жазады.

Мен танк колоннасын жасауға белсене қатысуды өзімнің азаматтық борышым деп санаймын. Танк колоннасын жасауға берген қаржымның әр сомасы қаныпезер фашистердің басына оқ боп жаусын. Сәлеммен, большевик Молша. 

Көп кешікпей ол Жоғарғы Бас командашыдан жауап алады.

Қызыл Армияның бронитанк күшіне көмегіңіз үшін сізге, Шағалин жолдас, алғыс айтам. Өзімнен сәлем, Қызыл Армиядан алғыс қабылдаңыз. И.Сталин. 

Молша ата соғыстан кейінгі он жыл ішінде колхоз құрылысынын нығайта түсуге өз тарапынан 70 саулық, 4 бұзаулы сиыр, 6 өгіз, 2 түйе, 34 жылқы бергені туралы да дерек бар.

Бұдан бөлек, Молша Шағалаұлы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып, онда екі атын ала барғаны туралы айтылады. Екі атқа да «Баян» деп ат қояды. Аттарының көрмеде жоғары баға алғаны сонша, КСРО Байланыс Халық Комиссиариатты сол жылы Молшаның аттары бейнеленген почта ашық-хатын (открытка) шығарады. 

Тағы бір тарихи деректерге сүйенер болсақ, Молшаның аттарын әскери көлік қатарында алу жөніңде 1941 жылдың 6 қыркүйегінде берілген квитанция сақтаулы. Онда Молша қарттың әр атты бір шелек, бір тарақ, бір щетке, бір жүген, бір қоржынмен жабдықтағаны айтылған. 


Фото: дереккөз
Загрузка...