Ұлы көш. 1,5 миллионнан астам қазақ тарихи отанына оралды
18 Қараша 2021, 11:07 85

Ұлы көш. 1,5 миллионнан астам қазақ тарихи отанына оралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1991 жылдың 18 қарашасында шетелдегі этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы қабылданған болатын. Бүгін сол тарихи шешім шыққан күнге 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күні кешегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ұлы көш датасын күнтізбеге енгізуді тапсырған болатын.

«Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер кабинеті қабылдаған №711 қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты Жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев сол шарада.

Мемлекет басшысының мәліметі бойынша, содан бері 1,5 миллионнан астам қазақ тарихи отанына қоныс аударған.

«Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері Ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Президент.

Айтулы күннің ресми күнтізбеге енуіне бастамашы болғандардың бірі, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек бұл күнді : «18 қараша – қандастарымыздың тағдыры шешілген күн» деп айрықша әспеттейді.

«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер кабинетіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы шығартып, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымызды Тәуелсіз Қазақстанға шақыруды қолға алды. Ерекше атап өтерлігі – сол №711 Қаулы еліміз тәуелсіздігін жариялаудан бұрын қабылданғандығымен өте құнды әрі ерекше саяси маңызға ие. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» деген атпен кәсіби мерекелер мен атаулы күндердің тізбесіне енгізуді сұрап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған едім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол өтінішімізді ескеріп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында «Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырды», - дейді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Қоғам белсендісі 1997 жылғы «Халықтың көші-қоны туралы» заң осы №711 қаулының негізінде қабылданғанын айтады.

«Мемлекттік көші-қон саясаты қалыптасып, жыл өткен сайын кемелденіп келеді. Қазақстан шеттегі өз қандастарын Отанына шақырып отырған әлемдегі санаулы ғана мемлекеттердің бірі болды. Бұл күн – Еліміз үшін де, Тәуелсіздік жылдары шекара асып келіп ата жұртына қоныстанған қандастарымыз үшін де, Отанға оралудың сәт-сағатын күтіп отырған алыстағы ағайындар үшін де Ұлы мереке», - дейді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 86 мың 200 этникалық қазақ оралған.

Ал биылғы жылдың басынан 1 қарашаға дейін 15 903 адам тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Биыл келген этникалық қазақтардың 76,3%-ы Өзбекстаннан, 9,5%-ы Қытайдан, 6,1%-ы Түрікменстаннан, 2,5%-ы Моңғолиядан және 5,5%-ы басқа елдерден қоныс аударған.

Өзі мен ұрпағының тағдырын Атажұртпен байланыстырған шеттегі қазақтардың 28,3%-ы Алматы облысына, 13,4%-ы Түркістан облысына, 19,1%-ы Маңғыстау өңіріне, 8%-ы Жамбыл облысына, 10,5%-ы Шымкент қаласына қоныстанған. Аталған контингенттің 55%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 28,1%-ы кәмелетке болмаған. Қалған 16,8%-ы зейнет жасында.

«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Қандастарды қолдау» департаментінің басқарушы директоры Гүлмира Нұрбаеваның сөзіне қарағанда, 30 жылдың ішінде қандастарды құжаттандыру мәселесі нақты жолға қойылған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Қандас» мәртебесін алудан бастап азаматтық алғанға дейінгі қызметтерді «Бір терезе» қағидатына сәйкес оңтайландыру жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінде, «Бір терезе» қағидаты бойынша қандастарға арналған барлық мемлекеттік қызметтер оңтайландырылып, «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» арқылы жүзеге асып жатыр. Интеграциялық жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы азаматтығын алғанға дейінгі рәсімдерге қандастар тапсыратын құжаттар саны 46-дан 16 құжатқа азайып, оны қарау мерзімі 6 айдан 3 айға қысқарды, - дейді «Отандастар қорының» өкілі.

Фото: дереккөз
Загрузка...