Бас жаңалықтар
Ұлы дала рухы. Аударыспақ мықтылары марапатталды
PHOTO
06 Қазан 2021, 18:35 4391

Ұлы дала рухы. Аударыспақ мықтылары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл және даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орай жастар арасында Ұлы дала рухы республикалық фестивалі өтті.

Бір айда еліміздің барлық өңірін қамтыған дүбірлі доданы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған болатын.

Бүгін Елорда төрінде осы фестивальдің жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Ұлттық спорттың барлық түрінен өткен дүбірлі додада құрыш білек тас тақым аударыспақшылар да өзара мықтыны анықтады.

Жамбы атуға қарағанда аударыспақ қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ойын десе болады. Себебі бұған дейін де халқымыз кез келген тойда көкпар беріп, аударыспаққа атпал азаматтарын шығарып отырған.

Ұлттық спортқауымдастығы осы ойында спорттық бағытта дамытып, арнайы ереже құрып, жаттықтырушы, төреші тағайындады. Аударыспақшылар спорттық дәреже қорғап, республикалық, халықаралық, әлемдік биіктерді бағындырып келеді.

Бүгінді Қазақстан аударыспағы десе алыс-жақындағы шетел Сырым Ізбасаровты, Біржан Қосалиевті, Арман Сағымбаевты айтатын дәрежеге жетті.

«Ұлы дала рухы» фестивалі аясында да еліміздің барлық өңірінен білекті жігіттер сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.

Соңғы жылдары ұлттық спортта ерекше жетістікке жетіп, республиканы қойып халықаралық, әлемдік додаларда топ жарып жүрген Түркістан облысының жастары бұл жолы да өз мықтылықтарын танытты.

Дегенмен, осы жолғы фестивальде күтпеген нәтиже болды. Бұған дейін Ұлттық спорт кенжелеп қалған дейтін Павлодар облысының асығы алшысынан түсіп, «Ұлы дала рухы» жастар фетивалінде аударыспақ спорты бойынша алғашқы орыннан көрінді.

Жалпы есепте 6 ұпай жинаған Кереку жігіттері фестивал үздігі атанды. Ал жалпы есепте 8 ұпай жинаған түркістандықтар екінші орынды місе тұтса, 4 ұпай жинаған Ақтөбенің жігіттері үздік үштікті түйіндеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін көкпар мен жамбы атудың үздіктері жайлы жазған болатынбыз.


Фото: автордан
Загрузка...