Бас жаңалықтар
Халық қазынасы Qazaqstan арнасында
PHOTO
11 Қаңтар 2019, 15:15 1631

Халық қазынасы Qazaqstan арнасында

Астана, baq.kz. Qazaqstan ұлттық арнасында еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерін тоғыстыратын «Ұлы дала сазы» атты жаңа жобаның таныстырылымы өтті.

Шараға Qazaqstan телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, термеші, әнші - Айгүл Елшібаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші - Ерлан Рысқали, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші - Жанғали Жүзбай қатысты.

«Музыкалық жобаның мақсаты - атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу» - дейді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар, басқарма төрағасы бұл жоба жайлы толығырақ тоқталды.

«Әр халықтың рухани, мәдени әлемі бірінші кезекте дәстүрлі өнерінен танылады. Дәстүрлі ән, терме, күй бұл біздің ата-бабаларымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан мәңгілік үні, шежіресі. Ұлттық өнерімізді бүгінгі және болашақ ұрпаққа насихаттау, рухани мұра ретінде сақтау біздің парызымыз» - деді ол

Ұлттық арнадан жақында шығатын «Ұлы дала сазы» жобасы көрермендеріміздің эстетикалық талғамы мен дүниетанымының дамуына өз үлесін қосатын бірегей жоба болатыны сөзсіз.

«Жалпы музыкалық жоба 17 концерттен тұрады, узақтығы 1 сағат. Ұлттық арнадан 13 қаңтардан бастап, 28 шілдеге дейін аптасына бір рет әр жексенбі кешкі сағат 21.05-те көрсетілетін болады» - дейді Ерлан Қарин.

«Ұлы дала сазы» жобасы 2018 жылдың қараша айында түсірілген болатын, бұл жобада 177 шақты шығарма жазылып, еліміздің барлық аймақтарынан 91 өнерпаз қатысты.

«Оның ішінде 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші, 2 жыршы өз өнерін көрсетті. Ендігі кезекте, осы жылдың наурыз айының басында бірінші түсірілімге қатыса алмаған бірқатар өнерпаздарды тағы да таспаға түсіруді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, бұл жобадағы барлық шығармалар Qazaqstan ұлттық арнасының «Алтын қорына» енетін болады» - дейді Ерлан Қарин.

Осы орайда, танымал күйші Жанғали Жүзбай журналистерге базынасын айтты.

«Журналист қауым сіздерде де бір олқылық бар. Ол эстрада айналасынан шықпайсыздар. Дәстүрлі өнерімізді дәріптеуде сіздер де белсенділік танытып, қазақтың ұлттық ән өнерін, термешілігі мен күйшілігін де этрада деңгейінде дәріптесеңіздер біз алғыстан басқа айтпас едік» - деді күйші.

Айта кетейік, Ұлттық арнадағы «Ұлы дала сазы» жобасына еліміздің дәстүрлі өнер майталмандары: Секен Тұрысбеков, Қажыбек Бекбосынов, Біләл Ысқақов, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова және т.б қатысты. Музыкалық жобада қазақ халқының әндері мен қазақ композиторларының шығармалары орындалатын болады.

Загрузка...