Ұлттық ұланның екі жауынгері қаза болды

7 Қаңтар 2022, 10:19
1917
Бөлісу:
Ұлттық ұланның екі жауынгері қаза болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктер кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында Ұлттық ұланның екі әскери қызметшісі қаза тапты. бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.

Жас сарбаздар өз өмірлерін қауіпке тіге отырып, халықтың тыныштығы мен берекесі жолында өздеріне жүктелген міндеттерін қайсарлықпен адал атқарды. 2022 жылғы 5 қаңтарда қатардағы Мадияр Қайсаров жедел бөлініс құрамында Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алды.

Сол сәтте төнген нақты қауіпке қарамастан, ұландық жауынгер Отан алдында берген ақ антын бұзбай, қалың бұзақы тобынан тайсалмай, жауынгерлік міндетін өмірінің соңғы сәтіне дейін орындай білді. Өкінішке қарай, сарбаз ауыр жарақат салдарынан көз жұмды.

Қаңтардың осы бір азалы күнінде қолбасшылықтан берілген қоғамдық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі тапсырманы орындау кезінде теріс ниетті бүлікшілердің шабуылынан қаймықпаған, сертінен тайып, құбылмаған тағы бір ұландық сарбаз қаза тапты. Қатардағы Айбат Аманов Талдықорған қаласында заңдылықты қалпына келтіру кезінде құқық бұзған бұзақылармен бетпе-бет келген.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, ардагерлері мен барша жеке құрамы қаза тапқан жауынгерлердің ата-анасы мен туған-туысқандарына қайғыра көңіл айтады.

Өзгелердің жаңалығы