Қазақстанда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жұмысын бастады

21 Мамыр 2019, 19:34
2376
Бөлісу:
Қазақстанда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жұмысын бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде Ұлттық киноға қолдау көрсететін мемлекеттік орталық өз жұмысын бастады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз Facebook парақшасында жазды.   

«Жақында Алматыда Qazaqfilm студиясында Мемлекеттік орталық жанынан құрылған Эксперттік кеңесінің бірінші мәжілісін өткіздік. Аталған ұйымның коллегиялық шешімі негізінде мемлекеттік қаржы алуға іріктелген кинотуындыларға мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетілетін болады», - деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы осы салада қабылданған алғашқы заңнамалық құжат – ҚР «Кинематография туралы» Заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Бұл ұйым қызметінің негізгі бағыты – ұлттық киноны қолдау, оны халықаралық деңгейге көтеру және әлемдік нарыққа шығару, Қазақстан киноөндірісіне инвестиция тарту. 

Аталған Мемлекеттік орталық арқылы ұлттық фильмдерге, ұлттық фильм атағын иеленуге ниетті киножобаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, сонымен қатар кинематография саласында субсидиялар беру іске асады. 

Әлеуметтік желідегі жазбасында министр Мемлекеттік орталықтың құрылымында жоғары білікті топ-менеджерлер және еңбегі сіңген кинематографистермен қатар креативті жас мамандар бар деп жазады. 

«Орталыққа жетекшілік етуді философия ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР 2050 жылға дейінгі мәдени саясатының Тұғырнамасының және ҚР «Кинематография туралы» Заң авторларының бірі Андрей Хазбулатовқа тапсырылған. Майталман режиссёр Сатыбалды Нарымбетов Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы кеңесшісі қызметін атқаратын болады. Кино саласында 50 жылдан аса қызмет еткен Олжабай Мұсабеков төраға орынбасары ретінде ұлттық киноның дамуына өз үлесін қосады. Тимур Бекмамбетовтың Bazelevs компаниясында еңбек ететін, «Профайл», «Іздеу» фильмдерінің продюсері Игорь Цай екінші орынбасар ретінде коммерциялық жобалар саласына жаңа леп әкеледі», - деп толықтырды министр. 

Сонымен қатар, Мемлекеттік орталыққа әлемдік кинокомпанияларда жұмыс тәжірибесі бар штаттан тыс кеңесшілер тартылған. Мемлекеттік орталық жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Эксперттік кеңес құрамы да толық. 

2019 жылғы 15 наурыз күні қабылданған ҚР Үкіметі қаулысына сәйкес, оның құрамына қазақстандық киноның атақты қайраткерлері, майталман шеберлері еніп отыр. Атап айтар болсақ: актер, режиссер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, көркем және анимациялық кино режиссёрі Адай Әбілдинов, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко, актёр және кинорежиссёр Досхан Жолжақсынов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірінші вице-президенті Серік Жұбандықов, сценарийші, режиссёр, оператор Ахат Ибраев, режиссёр, сценарийші Алексей Каменский, режиссер, ақын, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков, актриса, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі Жанна Қуанышева, театр режиссёрі, Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы ректоры Асхат Маемиров, режиссер, кинодраматург Сатыбалды Нарымбетов, кино және театр актрисасы Меруерт Өтекешова, сценарийші, өнертанушы Бекболат Шекеров, Arman Cinema кинотеатрлар желісі бас директоры Бауыржан Шүкенов. Эксперттік кеңестің бірінші мәжілісінде дауыс беру нәтижесінде Асанәлі Әшімов төраға, оның орынбасары болып - театр режиссёрі және педагог Асхат Маемиров сайланды. 

Министр орталыққа үлкен үміт арта отырып, кино қайраткерлері жуық уақытта «Кинематография туралы» Заңның жағымды тұстарын, соның ішінде экономикалық преференциялар тұрғысынан оңтайлы баға беретініне сенім білдірді. 

«Заңға сәйкес, қазақстандық фильмдер корпоративтік табыс салығынан кірістің 20% көлемінде босатылады. Бұл кино көрсетушілер үшін жағымды жағдай, олар прокатқа біздің фильмдерді жіберуге мүдделі болады. Сонымен қатар, ұлттық киноны 12% қосылған құн салығынан босатуды қарастырдық. Инвестиция тарту үшін біз 30% рибейт енгіздік - бұл әлем кинокомпаниялары үшін өте маңызды, олар өз жобаларын 45% дейін рибейт қамтамасыз ететін елдерде жүзеге асырады. «Кинематография туралы» заңның қабылдануы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қызметінің басталуы отандық қазақ киносының дамуы мен қалыптасуының жаңа тарихының басы болмақ», - деп қорытындылады Арыстанбек Мұхамедиұлы. 


Өзгелердің жаңалығы