Ұлттық кеңес қандай форматта жұмыс істеу қажет?

22 Шілде 2019, 15:50
2344
Бөлісу:
Ұлттық кеңес қандай форматта жұмыс істеу қажет?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, саясаттанушы Алуа Жолдыбалина Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне жұмыс істеу форматын ұсынды.

Ол БАҚ пен әлеуметтік желідегі пікірталасқа қарап халық арасында Ұлттық кеңес туралы нақты түсініктің жоғын айтты. Сол себепті сарапшы алдымен халыққа Кеңестің маңызы, қызметі туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп санайды. Ол Ұлттық кеңесті қоғамдық кеңеспен шатастыратындардың барын айтып, ара-жігін ажыратып берді. 

«Қоғамдық кеңес пен Ұлттық кеңес екеуі екі бөлек. Сенім болу үшін осы айырмашылықты түсіндіру керек. Ұлттық кеңес – республикалық деңгейдегі кеңес беруші орган. Ал қоғамдық кеңес бұл жергілікті аймақтарда кеңес беретін бақылаушы орган. Ал Ұлттық кеңесте бақылау қызметі жоқ. Қоғамдық сенім кеңесінің мақсаты – жұртшылықтың, азаматтық қоғамның, партиялардың пікірін жинақтап көрсету. Қоғамдық кеңес тек азаматтық қоғам секторымен жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестің Ұлттық кеңестен айырмашылығы ашықтықты қамтамасыз етеді. Ұлттық кеңес көп жағдайда сараптама, стратегиялық мәселелерді анықтауға бағытталған. Осы себепті халықтың арасында Ұлттық кеңес пен қоғамдық кеңестің айырмашылығын, қызметтері әртүрлі екенін түсіндіру керек. Халық арасында Ұлттық кеңеске деген сенімді молайтпайынша оның жұмысының тиімділігіне күмән келтіру мүмкін. Сол себепті БАҚ, әлеуметтік желі арқылы Кеңес мүшелерінің өздері түсіндіру жұмысын жақсы жүргізу қажет», - деді Жолдыбалина.

Саясаттанушы Ұлттық кеңес қандай форматта жұмыс істеуі қажет екенін айтты. 

«Жарлық бойынша кеңестің жұмыс органы – Президент әкімшілігінің бөлімшесі. Еуропадағы, Америкадағы елдердің, Азияда Малайзияның тәжірибелеріне талдау жасадық. Сараптай келе, үш бағытты ұсынамыз. Бірінші, азаматтардың арыздарының, шағымдары мен сауалдарының нақты жүйесін жасау. Кез келген мемлекеттік органдарға түсетін арыз-шағымдарды жинақтап, оны жұмыс тобы талдау керек. Екіншіден, ашық және жабық тыңдаулар өткізуді ұсынамыз. Үшіншіден, жұмыс топтары мен жұмыс органы «азаматтық жюри», «воркшоп» сияқты жаңа технологияларды пайдаланғаны абзал. Төртінші, әлеуметтік желі арқылы диалог жүруі керек. Президент әкімшілігі төрт форматқа назар аудару қажет. Ұлттық кеңес құрамы жақсы іріктелген. Әртүрлі саланың адамдары, өте тәжірибелі мамандар тартылған. Бұл мамандардың Кеңесте жұмыс істеуіне жұмыс органы жақсы әсер етеді», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров елді алаңдатқан мәселелер туралы айтып өтті.

Өзгелердің жаңалығы