Ұлттық кеңес мүшесі өзекті мәселелер туралы айтты

22 Шілде 2019, 15:23
1828
Бөлісу:
Ұлттық кеңес мүшесі өзекті мәселелер туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі Ерлан Саиров елді алаңдатқан мәселелер туралы айтты.

«Бұл қадамды бүгінгі билік пен қоғам арасындағы толыққанды диалог жасау, еліміздегі мемлекет пен азаматтар арасындағы сюрреализм, демократия негізіндегі үлкен бір алаң жасаудың алғышарты деп білу керек. Біздің елімізде азаматтар арасында үлкен резонанс тудырды. Азаматтар орталық деңгейде ғана емес, өңірлерде осы Кеңестің болашақтағы жұмысы жөнінде өздерінің ой-пікірлерін білдіріп жатыр. Қоғам мен биліктің арасындағы әңгімеге біздің ел, біздің жұрт сусындап қалған. Бүгінде қоғамдық-саяси жағдайды бір сөзбен түсіндіруге болады, ол – әңгімелесудің, сөйлесудің жаңа форматын сағынып жүрген сарғайып тұрған жапырақ тәрізді. Осындай жаңғыру болса, ел мен жұрттың арасында, мемлекет пен азаматтар арасында белгілі бір сенім форматының пайда болары белгілі. Қоғамдық сенім аталуының өзі қоғамдық сенім арқылы ұлттық диалогқа барудың жаңа форматтың пайда болуына үлкен үміт күттіретін жағдай деуге болады», - деді Саиров.

Кеңес мүшесі ел арасындағы түйткілді мәселелер шешімін табуы керек екенін айтты. 

«Сайлау, митинг, БАҚ, саяси партиялар туралы заңдардың кейбір тармақтары заман талабына сай емес екенін уақыт көрсетті. Сондықтан, осы тұрғыда ойлануымыз керек. Саяси процестерді орталықсыздандырып, әртараптандыру сұранысқа ие болып отыр. Саяси шешімдердің барлығы Нұр-Сұлтаннан шықпауы керек екенін айтып жатады, себебі Қазақстан өңірлерден тұрады. Әлеуметтік салада да проблемалар барын білеміз. Соның бірі жыл сайын Қазақстаннан өз еркімен көшіп жатқандардың саны артып келеді. Ал шекаралық аудандардағы халық орталықтарға көшіп жатыр. Мұны гуманитарлық проблема деуге болады. Кеңес осы мәселелерді шешудің орталығы болуы тиіс және бірлесе шешуге күш-жігеріміз жетеді», - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы