Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
15 Қазан 2021, 13:06 1010

Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары Нұрболат Құрметұлы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы туралы айтып берді.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев он ұлттық жобаның тізбесін бекітті. Оның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы бар. Сарапшы аталған жоба аясында қандай міндеттер іске асырылатынын айтып берді.

Оның айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы өңірлерді дамытуға бағытталған. Негізгі мақсаты – базалық қызметтерге кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын дамыту, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамтыу арқылы азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру.

Ұлттық жобаның іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар. Аталған жоба екі бағыттан тұрады. Бірінші бағыты – базалық қызметтерге тең қолжетімділік. Екіншісі – көліктік байланысты қамтамасыз ету. Әр бағыт бойынша екі міндет қарастырылған. Мәселен, Базалық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету аясында инфрақұрылымды кешенді дамыту мен жайлы тұрғын үй мәселесі қолға алынбақ,-дейді Н. Құрметұлы.

Инфрақұрылымды кешенді дамыту міндетінде – ірі қалалардың шеткі аумақтарын дамыту, моно және шағын қалаларда инженерлік, көліктік инфрақұрылымды дамыту іске асырылады. Сондай-ақ 3561 ауылды елдімекендерде жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Оған қоса елдегі барлық елдімекендерді ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету іске асырылады.

Ал, жайлы тұрғын үй міндетінде - аты айтып тұрғандай тұрғын үй бағытын дамытуға бағытталған іс-шаралар атқарылады. Сондай-ақ баспана салу, апатты және ескі үйлердің проблемасын шешу, жеке үйлер құрылыс алаңдарына инженерлік желілер тарту, үлескерлердің мәселелерін қарау осы міндеттің шеңберінде қаралады.

Ұлттық жобаның екінші бағыты көліктік байланысты қамтамасыз ету. Бұл бағытта да екі маңызды міндет қарастырылған. Біріншісі – ішкі көліктік байланысын дамыту. Оның аясында автокөлік жолдарын салу және жаңғырту, жол бойындағы сервисті дамыту сияқты іс-шаралар іске асырылады. Екіші міндет бойынша – темір жолдарды салу, темір жолдарды электрлендіру, вагондар паркін жаңарту, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, су көлігін дамыту сияқты көптеген іс-шаралар атқарылады,-дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол аталған жобаны іске асыруға қанша қаражат қарастырылғанын айтып берді.

2025 жылға дейін бұл ұлттық жобаны қаржыландыруға 7,6 трлн теңге қарастырылған. Оның 4 трлн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді, 0,8 трлн теңге жергілікті бюджеттен, қалған 2,7 трлн теңге жеке қаражат есебінен тартылады деп жоспарланған,-деді ол.

Аталған жоба аяқталған соң ауызсумен қамту деңгейін 100%-ға, республикалық маңыздағы жолдардың жақсы ахуалдағы үлесін 100%-ға жеткізу, ал жергілікті жолдардың жақсы ахуалдағы үлесін 95%-ға дейін жеткізу көзделген. Сондай-ақ 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...